Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Литва НАТО-ның ядролық қаруын орналастыруға дайын екенін мәлімдеді

34


Вильнюс, 2025 жылғы 15 наурыз /DW/ – Егер НАТО-дағы одақтастары Литва аумағында ядролық қаруды орналастыру туралы нақты ұсыныс жасаса, елдің Конституциясына өзгеріс енгізу мәселесі қарастырылуы мүмкін. Бұл туралы Литваның қорғаныс министрі Довиле Шакалене кеше өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

"Егер одақтастарымыз Литвада ядролық қару немесе оның құрамдас бөліктерін орналастыру жөнінде нақты жоспар ұсынса, онда біз Конституцияның 137-бабына өзгеріс енгізу мүмкіндігін қарастыруымыз қажет деп санаймыз", – деді Шакалене.

Конституциялық шектеулер мен қазіргі жағдай

Литва Конституциясының 137-бабы ел аумағына жаппай қырып-жоятын қару мен шетелдік әскери базаларды орналастыруға тыйым салады. Дегенмен, Вильнюске әлі ешқандай ұсыныс түспегенін Довиле Шакалене ерекше атап өтті.

Шығыс Еуропада ядролық қару орналастыру туралы пікірталастар

АҚШ вице-президенті Дж. Д. Вэнс ядролық қарудың Шығыс Еуропада орналастырылуын президент Дональд Трамп қолдай қоймайды деп есептейді.

"Мен бұл мәселеде президентпен сөйлескен жоқпын, бірақ егер ол ядролық қаруды Шығыс Еуропаға орналастыруды қолдаса, таңғалатын едім. Бұл – өркениетіміздің болашағына тікелей қатысты мәселе", – деді Вэнс 13 наурызда Fox News-ке берген сұхбатында.

Осы күні Польша президенті Анджей Дуда Financial Times басылымына берген сұхбатында АҚШ билігін Шығыс Еуропада ядролық қару орналастыруға шақырды.

"1999 жылы НАТО-ның шекарасы шығысқа қарай кеңейді. Сондықтан 26 жылдан кейін Альянстың инфрақұрылымы да шығысқа қарай жылжуы тиіс. Менің ойымша, бұл мәселені талқылайтын уақыт әлдеқашан келді. Егер мұндай қару бұған дейін орналастырылғанда, қауіпсіздік жағдайы әлдеқайда жақсы болар еді", – деді Дуда.

Ол бұл мәселені Дональд Трамптың Ресей мен Украина жөніндегі арнайы өкілі Кит Келлогпен талқылағанын да атап өтті.