Франция президенті Эммануэль Макрон дүйсенбі күні Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп, Еуропаның қорғаныс күштерін нығайтуға және Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беруге дайын екенін мәлімдеді.
Екі көшбасшының келіссөздері алдында баспасөзге берген сұхбатында Макрон: "Еуропа АҚШ-тың сенімді әрі күшті серіктесі болуға және қорғаныс саласында үлкен рөл атқаруға әзір", – деп айтты.
Франция президенті Еуропа елдерінің басты мақсаты "Украинада берік әрі тұрақты бейбітшілік орнату" екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол бұл процесте АҚШ-тың қатысуын күшейтуге мүдделі екенін жеткізді.
Макрон Украина аумағындағы әскери әрекеттерді тоқтату жөніндегі келіссөздерге Киевтің қатысуы қажет екенін баса айтты. Сондай-ақ, Еуропада жаңа қақтығыстардың алдын алу үшін Ресейге шектеу қою маңызды екенін мәлімдеді.
"Біз Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беруге дайынбыз", – деді Макрон. Оның айтуынша, Украинадағы бейбітшілікті сақтау мақсатында "еуропалықтар бітімгерлік миссия аясында өз әскерін жіберуге дейін баруға дайын" екенін мәлімдеді.