МОСКВА, 2025 жылғы 25 ақпан /DW/ – Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-қа Ресей аумағында сирек кездесетін металдарды өндіру бойынша ынтымақтастық туралы ұсыныс жасауға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол екі елдің алюминий өндіру саласында да бірлесе жұмыс істеу мүмкіндігін атап өтті.
"Бұл бағытта америкалық компаниялармен серіктестік орнату мүмкіндігін қарастыруға болады. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде Краснояр өлкесінде жаңа су электр станциясы мен алюминий зауытын салу жоспарланған болатын", – деді Путин Ресейдің мемлекеттік “Россия 1” телеарнасына берген сұхбатында.
Ресей көшбасшысының айтуынша, бұл жобаны іске асыру "қомақты қаржы талап етуі мүмкін". "Алдын ала есептеулерге сәйкес, оның құны қазіргі бағамен шамамен 15 миллиард АҚШ долларын құрайды. Біз бұл мәселені ой елегінен өткіземіз", – деді ол.
Путин Ресейдің сирек металдарды өндіруде белсенді жұмыс істемей отырғанын мойындап: "Бұл – заманауи экономика үшін аса маңызды шикізат қоры. Біз бұл салада әлі де жеткілікті деңгейде жұмыс істемей келеміз. Көбірек әрекет етуіміз керек", – деп атап өтті.
Зеленский пайдалы қазбалар бойынша келісім жасаспақ
Сол күні таңертең АҚШ президенті Дональд Трамп алдағы екі апта ішінде Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесіп, екі ел арасында пайдалы қазбаларды өндіру бойынша келісімге қол қойылатынын мәлімдеді.
"Зеленский келісімге қол қою үшін осы апта немесе келесі аптада келуі мүмкін. Мен онымен Ақ үйдегі Көгілдір залда кездесуге қуаныштымын", – деді Трамп журналистерге берген сұхбатында.
АҚШ Қаржы министрі: Пайдалы қазбалар бойынша келісім – Украинаның "экономикалық қауіпсіздік кепілі"
АҚШ-тың Қаржы министрі Скотт Бессент Fox News-ке берген сұхбатында, "АҚШ пен Украина арасында жасалатын стратегиялық пайдалы қазбалар, энергетика және мемлекеттік кәсіпорындарға қатысты келісім Киевке экономикалық қауіпсіздіктің кепілдігін береді", – деп мәлімдеді.
"Бұл келісім – Украина мен Ресей арасындағы бейбітшілікті қамтамасыз етуге бағытталған президент Трамптың саясатының бір бөлігі. Ол украиналықтарға тыныш әрі қауіпсіз өмір сүруге мүмкіндік береді", – деді Бессент.
Дегенмен, ол бұл құжатта АҚШ-тың Украинаға тікелей әскери кепілдік беруі қарастырылмағанын атап өтті. "АҚШ бұл елдің экономикалық болашағына қомақты инвестиция салуды жоспарлап отыр, бұл өз кезегінде оның экономикалық қауіпсіздігіне жанама кепілдік береді", – деді министр.