Гренландия XVIII ғасырда Данияның жер аумағын кеңейтіп, саудадағы үстемдігін арттыру мақсатында отарлық аймаққа айналды. 1953 жылы БҰҰ отаршылдықты жою шараларын қолға алғаннан кейін, 1979 жылы Гренландияға өзін-өзі басқару мәртебесі берілді. 2025 жылдан бастап халықаралық ақпарат құралдарында АҚШ-тың геостратегиялық мүдделері Гренландияға қайта бағытталғаны жиі айтылуда. Бұл жағдай 2019 жылы Гренландияда орын алған екі маңызды оқиғамен байланысты.
1. Жаһандық жылыну салдарынан алып мұздықтар еріп, теңізде жаңа кеме қатынасы бағыттары ашылды.
2. АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландияны Даниядан сатып алу жөнінде ұсыныс жасады (Morrison, 2019).
2019 жылы АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы күшейіп, Вашингтон Қытайдан тәуелсіз сирек кездесетін пайдалы қазбалар көздерін іздей бастады. Осы тұрғыдан алғанда, Гренландия ерекше назарға ілікті. Сонымен қатар, Арктикадағы климаттық жағдайдың жақсаруы бұл өңірге ірі державалардың қызығушылығын арттырды. Дегенмен, Гренландияның мәртебесі кез келген мемлекеттің ықпалымен оңай өзгеретін мәселе емес. 2009 жылы қабылданған "Гренландияның өзін-өзі басқару туралы заңы" жергілікті халыққа өз үкіметін демократиялық жолмен сайлау құқығын бекітті.
2019 жылы Дональд Трамптың Гренландияны сатып алу ұсынысына жауап ретінде Дания үкіметі Гренландияның 56 500 тұрғыны өз болашағын өздері айқындауға құқылы екенін мәлімдеді (Morrison, 2019).
Дания жыл сайын Гренландияға 750 миллион доллар көлемінде қайтарымсыз қаржылай көмек береді, бұл оның жалпы бюджетінің үштен бірін құрайды. Гренландия экономикасының тағы бір маңызды секторы – балық аулау (Nowell, 2025). Гренландия жер қойнауында темір кені, қорғасын, мырыш, асыл тастар, алтын, уран, мұнай, табиғи газ және сирек кездесетін элементтердің бай қоры бар (Morrison, 2019). 2013 жылдан бері Дания үкіметімен бірлескен тау-кен жобаларын жүзеге асыру әрекеттері жасалды, алайда шикізат бағасының құлдырауы, өндіріс шығындарының жоғарылауы және шетелдік жұмыс күшін тарту мәселесіндегі келіспеушіліктер бұл жобалардың тоқтап қалуына себеп болды. Қазіргі таңда Гренландия аз мөлшерде құм, ауыз су, асыл тастар және мұнай өнімдерін экспорттайды.
Гренландияны сатып алу мәселесі алғаш рет 1946 жылы АҚШ президенті Гарри Трумэн тарапынан көтеріліп, ол үшін 100 миллион доллар ұсынылған. Алайда бұл ұсыныс қабылданбаған. 2019 жылы Дональд Трамп осы мәселені қайта көтерді, бірақ COVID-19 пандемиясының басталуымен бұл жоспар уақытша ұмытылды. 2024 жылғы АҚШ президенттік сайлауынан кейін Гренландияға қатысты мәселе қайта күн тәртібіне шықты. Бірақ бұл жолы АҚШ-тың басты назары табиғи ресурстардан гөрі, оның геостратегиялық орналасуына ауды. Арктикадағы геосаяси және геоэкономикалық бәсекелестік қарқын ала бастады.
2017 жылы Ресей өзінің әскери қуатын арттырып, Кеңес Одағынан қалған Арктикадағы әскери базаларын жандандыра бастады. Ал Қытай өзін "Арктикаға жақын мемлекет" деп жариялап, аймақтағы мүдделерін ілгерілетуге кірісті. Қытай Гренландияның тау-кен саласына инвестиция құйып, осы арқылы жергілікті билікке ықпал етуге тырысты. Сонымен қатар, Гренландиядағы инфрақұрылым мен телекоммуникацияға қаржы салу арқылы Қытай аймақтағы саяси ықпалын нығайтуға ұмтылды. Бұған жауап ретінде АҚШ 2017 жылы Данияны Гренландияны сыртқы саясат пен қауіпсіздік саласындағы басым бағыттардың біріне айналдыруға мәжбүрледі (Lindbjerg, 2024). Егер АҚШ Гренландияны бақылауға алса, бұл Ресей мен Қытайдың Арктикадағы ықпалын шектеу үшін маңызды стратегиялық тірекке айналады (Defence, 2024).
АҚШ-тың Гренландиядағы мүдделері және Ресей мен Қытайды тежеу стратегиясы
2018 жылы АҚШ, Норвегия, Ұлыбритания және Дания "Арктикалық ынтымақтастық туралы келіссөздер" өткізді, онда Ресей мен Қытай негізгі қауіп ретінде аталды. Әсіресе, 2014 жылғы Қырым аннексиясынан кейін Ресей аймақтағы негізгі қауіп ретінде қарастырыла бастады. Осыған байланысты Дания өз қауіпсіздігіне алаңдайтынын мәлімдеді.
Гренландияда әскери базалар орналастыру арқылы АҚШ жаңа теңіз жолдарын бақылауға алып, Ресей мен Қытайдың ықпалын шектеуге мүмкіндік алады (Østhagen, 2025). Егер Вашингтон Гренландияны өз бақылауына алса, Солтүстік Мұзды мұхит пен Атлант мұхиты арасындағы теңіз тасымалы мен әскери қозғалысты қадағалау мүмкіндігіне ие болады.
Қытайдың Гренландиядағы мүдделері және жаңа сауда жолдарын қалыптастыру
Халықаралық құқық нормаларына сәйкес, белгілі бір аумақтың тағдырын сол аймақтағы халық өзі шешуі тиіс. Алайда Қытай Арктика аймағында орналаспағанына қарамастан, инвестициялар мен дипломатиялық ықпалы арқылы бұл өңірге ену жолдарын қарастыруда. Қытай Ресейдің мұзжарғыш кемелерін пайдаланып, Арктика арқылы жүк тасымалдау бағытын қысқарта отырып, шығындарды 40%-ға азайтуды көздейді (Folketinget, 2018).
Қытайдың басты мүдделеріне:
Сирек кездесетін элементтер мен табиғи ресурстарға қол жеткізу,
Арктика арқылы жаңа теңіз жолын ашу,
АҚШ пен Батыс елдерінің ықпалын әлсірету,
Жұмсақ күш стратегиясын қолдану арқылы аймақтағы ықпалын күшейту,
НАТО-ға қарсы стратегиялық бәсекелестікті күшейту кіреді.
2015 жылдан бастап Қытай "Made in China 2025" бағдарламасын жүзеге асырып, сирек кездесетін пайдалы қазбаларға деген сұранысын арттырды. Бұл қазбалар Қытайдың технологиялық, әскери және жасыл энергетика секторында кеңінен қолданылады. Сонымен қатар, Қытай "Арктикалық Жібек жолы" бастамасын әзірлеп, оны Азия мен Еуропаны байланыстыратын ең қысқа теңіз жолы ретінде дамытуға ұмтылуда (Chen, 2024).
Қазіргі таңда Арктикада ірі державалар арасындағы геосаяси бәсекелестік күшейіп келеді. Ресей-Украина соғысы Транс-Атлантикалық ынтымақтастыққа айтарлықтай әсер етіп, Қытайдың Арктикадағы ықпалын күшейтуіне жол ашты. АҚШ Гренландияны Қытай мен Ресейдің бақылауына бермеу үшін түрлі стратегияларды қарастыруда. Алайда Гренландия халқы өз болашағын өздері айқындауға ұмтылып отыр. Осылайша, АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы геостратегиялық тартыс Гренландияның маңыздылығын одан әрі арттыруда.