Маңғыстауда мұнай газ компаниясы ірі айыппұл төледі

9

АСТАНА.21.05.2026.Munarmedia.kz – Маңғыстау облысында бұрғылау жұмыстарын жүргізген мұнай-газ компаниясына экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 474 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.

Маңғыстау облыстық табиғат қорғау прокуратурасының мәліметінше, Buzachi Operating Ltd компаниясының өңірлік филиалы бұрғылау жұмыстары кезінде экологиялық нормаларды өрескел бұзған.

Тексеру барысында кәсіпорынның өндірістік қалдық – бұрғылау шламын белгіленген мөлшерден артық жинағаны анықталды. Артық жиналған қауіпті қалдық көлемі 513,2 тоннаны құраған.

Осыған байланысты компания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 474 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.

Buzachi Operating Ltd – Солтүстік Бозашы кен орнын игерумен айналысатын бірлескен мұнай-газ компаниясы. Кәсіпорын 2004 жылы құрылған және оның үлестері China National Petroleum Corporation мен Sinopec компанияларына тең дәрежеде тиесілі.

Компанияның Ақтаудағы филиалын бас директор Чжу Айцзюнь басқарады.

Мамандардың айтуынша, өндірістік қалдықтарды талапқа сай сақтамау қоршаған ортаға елеулі қауіп төндіріп, топырақ пен жер асты суларының ластануына әкелуі мүмкін.

#Маңғыстау #Экология #МұнайГаз #BuzachiOperating #ҚоршағанОрта #Айыппұл #Қазақстан #Munarmedia