Munarmedia.kz 02.07.2025 жыл / АСТАНА/-Қазақстанның оңтүстігі үшін стратегиялық маңызы бар мақта шаруашылығы саласы ауыр дағдарысты бастан өткеріп жатыр. Бұл мәселе бойынша Сенат депутаты Әли Бектаев бастаған бір топ депутат Үкімет басшысына ресми сауал жолдаған еді. Алайда премьер-министр Олжас Бектеновтің берген жауабы — формальды сипатта, нақты шешімдер мен қолдау шаралары көрсетілмеген. Бұл туралы Exclusive.kz хабарлады.
85% – шикізат күйінде шетелге кетуде
Сенаторлық сауалда Түркістан облысында жыл сайын 120 мың гектар жерге мақта егілетіні, бұл салада 70 мыңнан астам адам еңбек ететіні айтылған. Бірақ өнімнің 85%-ы шетелге өңделмеген күйінде жөнелтіледі. Ел ішінде өңделетіні — небәрі 15%. 2025 жылдың наурызында ішкі нарықтағы өткізу қиындықтарына байланысты AZALA Textile кәсіпорны жұмысын тоқтатқан.
Соған қарамастан, Үкімет мақтаны әлеуметтік маңызы бар өнімдер қатарына қосудан бас тартты. Стабилизациялық қор құру, оффтейк-келісімшарттар жасау — мұның барлығы тек декларативті сипатта қалған. Премьер-министрдің жауабында бұл мәселелер бойынша нақты мысалдар да, кепілдіктер де жоқ.
«Мақта түгел делдалдар арқылы экспортталады. Импорттаушы елдердегі энергия тасымалдаушылар бағасының өсуі салдарынан мақта өңдеу қымбаттады, бұл — сұраныстың төмендеуіне әкелді. Бұл — еліміздің сыртқы факторларға қаншалықты тәуелді екенін көрсетеді», — делінген депутаттық сауалда.
Салада жүйелі шешімдер жоқ
Сенаторлар Үкіметтен:
-
арнайы заң қабылдауды,
-
даму бағдарламасын іске қосуды,
-
несиелерді кейінге шегеруді,
-
кластерлік жүйе құруды,
-
тұқым өсіру зауыттарын жаңғыртуды
-
және ішкі нарықты реттеуді сұраған.
Алайда Бектеновтің жауабында бұл ұсыныстар қабылданбаған. Мәселен, арнайы заң қабылдау — "тиімсіз", стабфондтардан қолдау — "қарастырылмайды", ал қарызды кейінге шегеру — "жеке тәртіппен ғана мүмкін". Өңдеу саласын дамытуға қатысты жоспарлар тек жалпы бағдарламалар мен белгісіз мерзімге шегерілген жобаларға сілтенген.
Қазақстанда мақтаны терең өңдейтін небәрі 3 кәсіпорын ғана бар. Олар жалпы өнімнің тек 15%-ын игереді. Қалған 85% шикізат шетелге кетуде. Қазақстандағы өңдеу құны тоннасына 150–170 мың теңге болса, Қытай мен Өзбекстанда бұл көрсеткіш бар болғаны 40–60 мың теңге.
Сондай-ақ, депутаттар тұқым өндіру зауыттарында тұқымдардың мал азығына және май өндіруге арналған дәндермен бірге сақталатынын атап өткен. Бұл — «Тұқым шаруашылығы туралы» заңның өрескел бұзылуы.
Жоспар бар, нәтиже жоқ
Үкімет сілтеме жасаған жобалар қатарында Global Textile Turkistan, TST Jetisay Textile және Kazakhstan LIHUA зауыттарының құрылысы аталады. Бұл жобалар арқылы 4,5 мың жұмыс орны ашылып, 200 млрд теңгеден астам инвестиция тарту көзделген. Алайда бұл — ұзақ мерзімді бастамалар, және олардың мақтаның жалпы көлемін өңдеуге кепіл бола алмайтыны анық.
Фермерлер су тарифтерінің шектен тыс жоғары екенін, сапалы тұқым жетіспейтінін және сату нарықтарының жоқтығын айтып дабыл қағуда. Мемлекеттік кәсіпорындардың шетелдік тоқыма өнімін сатып алуы — ішкі өндірушілердің жағдайын одан әрі қиындатып отыр. AZALA Textile кәсіпорнына қатысты нақты сұраққа Үкімет жауап бермеген.
«Мұндай кәсіпорындарға оффтейк-шарттар арқылы нақты қолдау көрсету қажет», — делінген депутаттардың үндеуінде. Мысал ретінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жыл сайын 40 млрд теңгеге тоқыма өнімін сатып алатыны көрсетілген.
Депутаттық сауалда айтылған жеті ұсыныстың үшеуі Үкімет тарапынан ашық түрде қабылданбаған, үшеуіне жауап берілмеген немесе тек статистикамен шектелген. Тек тұқым шаруашылығын жаңғырту мәселесі өзекті деп танылған, алайда ол жоба тек 2025 жылдың соңына қарай іске асады.
Сала құлдырау алдында
Сенатор Әли Бектаевтың айтуынша, Үкімет батыл шешім қабылдамаса, Қазақстан бір техникалық дақылды ғана емес, тұтас бір аграрлық аймақтың экономикалық тұрақтылығын жоғалтуы мүмкін. Бүгінде фермерлер арзан ресурсқа да, кепілді өткізу нарығына да қол жеткізе алмай, шығынмен жұмыс істеуге мәжбүр.
Премьер-министрдің жауабы саладағы нақты проблемаларды мойындағанмен, оларды шешуге бағытталған механизмдер ұсынбады. Саяси шешімдер кейінге қалдырылды. Маусым басталды — фермерлер тағы да өз күнін өзі көруге мәжбүр.
Агзам Абдрахманов, 1 шілде 2025 жыл, 14:50