М.Ахметжанов Қазақстаны орманы питомнигінің жұмысымен танысты

46

Munarmedia.kz 29.04.2026/Astana

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары барысында Шортанды ауданында орналасқан Қазақстан орманы орман питомнигінің жұмысымен танысты.

Аталған питомник өңірдегі орман қорын қалпына келтіру бағытындағы негізгі нысандардың бірі саналады. Жалпы аумағы 485 гектарды құрайтын кешенде қарағаш, терек, тал және басқа да ағаш-бұта тұқымдарының көшеттері өсірілуде. Мұнда заманауи тамшылатып суару жүйесі енгізіліп, су жинақтау бассейні іске қосылған. Бұл өз кезегінде отырғызу материалдарын тиімді күтіп-баптауға мүмкіндік береді.


Кәсіпорын басшысы Қуат Ерғалиевтің айтуынша, сұранысқа сай елді мекендерді көгалдандыру үшін қайың мен қарағай көшеттерін өсіру мүмкіндігі бар.

«Біздің көшеттер жергілікті климатқа жақсы бейімделеді әрі бағасы да қолжетімді», – деді ол.

Өңір басшысы өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес, 2027 жылға дейін облыс аумағында 150 млн ағаш отырғызу жоспары бар екенін атап өтті. Қазіргі таңда оның 74 миллионы егілген.


«Бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында отырғызу материалымен толық қамтамасыз ету үшін жеке питомниктерді, соның ішінде көршілес өңірлерді де тарту маңызды», – деді Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар, облыс әкімі орманды қалпына келтіру ісінде жүйелі тәсілдің маңызын атап өтіп, көгалдандыру көлемін ұлғайту және көшеттердің жерсіну деңгейін арттыру үшін заманауи агротехнологияларды енгізу қажеттігін жеткізді.

Айта кетейік, өңірдегі 11 мемлекеттік орман питомнигінде жыл сайын шамамен 10 млн-ға жуық қылқан жапырақты және жапырақты ағаш көшеттері өсіріледі.

Толығырақ: https://t.me/Munarmedia