Минималды жалақыны арттыру мәселесі: әлеуметтік әділеттілік пен нақты экономика арасындағы алшақтық

48


Munarmedia.kz 23.10.2025 жыл / Астана-Бүгін Мәжілісте қаралған бастама миллиондаған қазақстандықтың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер ететін маңызды әлеуметтік мәселені көтерді. Парламенттің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің депутаттары ең төменгі жалақыны қазіргі 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруді ұсынды. Бұл бастама 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылау барысында көтерілді.

Вице-премьер әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттардың сауалына жауап бере отырып, «ең төменгі жалақыны көтеру – алыс перспектива емес» екенін айтты. Дегенмен ол әзірге нақты шешім қабылданбайтынын, алдымен «негізді база қалыптастыру қажеттігін» атап өтті.

Бір қарағанда мәселе тек ең төменгі жалақы (ЕТЖ) туралы болып көрінгенімен, іс жүзінде бұл тіршілік минимумы ұғымымен тығыз байланысты. Өйткені ЕТЖ төмен болса, ресми ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕКД) де шынайы экономикалық жағдайды көрсете алмайды.

Мәселен, 2025 жылға арналған ресми ЕКД 46 228 теңге мөлшерінде бекітілген. Ал ресми статистикаға сүйенсек, бір ересек ер адамның азық-түлік шығыны айына шамамен 72 мың теңге, әйел адам үшін – 58 мың теңге шамасында. Демек, азық-түліктің өзіне кететін шығынның өзі-ақ тіршілік минимумы деңгейінен әлдеқайда жоғары.

Шын мәнінде, 46 мың теңге – бұл өмір сүруге жететін емес, тек тірі қалуға ғана мүмкіндік беретін сома. Бүгінгі таңда азық-түлік, коммуналдық төлемдер, киім-кешек, көлік және байланыс қызметтерінің бағасы айтарлықтай өсіп кеткен. Сарапшылардың есептеуінше, бір адамның негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін ай сайын кемінде 130–150 мың теңге қажет. Бұл – дұрыс тамақтану, тұрғын үй қызметтерін төлеу, жолақы, күнделікті тұрмыстық шығындар мен ең аз дегенде қаржылық қауіпсіздік жастығы үшін жеткілікті деңгей.

Демек, депутаттардың 110 мың теңгеге дейін көтеру туралы ұсынысы – қазіргі ресми көрсеткіштердің шынайы өмірден алшақ екенін мойындау іспетті. Алайда бұл көрсеткіштің өзі де түпкілікті шешім емес, тек аралық қадам болып отыр.

Қоғамтанушылар мен экономистердің пікірінше, басты мәселе тек сомада емес, тіршілік минимумы мен ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесінің өзінде. Ол нақты тұтыну құрылымын, аймақтық айырмашылықтарды және нарықтық бағаларды ескеруге тиіс.

Мұндай кешенді тәсіл қабылданбайынша, «минималканы көтеру» жөніндегі бастамалар әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан символдық сипаттағы қадам болып қала береді. Бұл, шын мәнінде, саяси мәлімдеме жақсы естілгенімен, қарапайым азаматтың тұрмыс сапасына аз әсер ететін шара ғана.

Классик айтқандай, кейде «билік халықтан тым алыстап кеткендей» әсер қалдырады. Бұл жолы бұл сын тек атқарушы билікке емес, заң шығарушы тармаққа да қатысты сияқты.