MUNARMEDIA.KZ--30.0.3.2025*АСТАНА- 1930 жылы Волганың сол жақ жағалауында, Увекке қарама-қарсы, Терновка (Подгорное) ауылының маңында, колхозшылардың сүрлем шұңқырын қазу кезінде жер астынан қайың қабығынан жасалған қорап табылды. Оның ішінде қайың қабығына жазылған шағын қолжазба болды.
Қолжазба Покровск қаласының (1931 жылдан бастап – Энгельс қаласы) республикалық мұражайына тапсырылды, кейіннен ол Мемлекеттік Эрмитажға жіберілді.
Кейін жүргізілген археологиялық зерттеулер бұл аймақта Алтын Орда дәуіріне жататын қоныстың іздері бар екенін анықтады. Сондай-ақ, қолжазбаның XIV—XV ғасырларға жататын қабірден алынғаны белгілі болды.
Эрмитажға жеткізілген соң, қолжазба топырақтан тазартылып, ширатылып қалған беттері жазылды. Ол целлулоидқа салынып, оның фотосуреттері мәтіннің қандай тілде жазылғанын анықтау үшін мамандарға берілді. Қолжазба ұйғыр жазуымен жазылғандықтан, Эрмитаж қызметкерлері оны ұйғыр тіліндегі мәтін деп анықтады. Алайда түркітанушы ғалымдар оны зерттеген кезде ұйғыр сөздері тек кейбір бөліктерде ғана кездесетінін, ал қолжазбаның басым бөлігі, әсіресе жақсы сақталған бөлімдері, ұйғыр тілінде емес екенін анықтады.
Мәтінді зерттеу барысында оның негізгі бөлігі моңғол тілінде жазылғаны белгілі болды. Бұл қолжазба ерекше маңызды тарихи жәдігер болып табылады, себебі ол моңғол жазба әдебиетінің ең ерте ескерткіштерінің бірі болып қана қоймай, сонымен қатар Алтын Орда аумағынан, яғни Еділ бойынан табылған алғашқы осындай дерек көзі болып саналады.
Қайың қабығына жазылған өлең – Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген моңғол сарбазының анасына арнаған жыры:
Ачиту эжэн-э симурхажу курбэсу
Аргахун дора унажу ок!
Аргахун дора унаба кэмэжу
Арийажу курчу йагу кэбтэгдэку
Ачиту сайин эжэн-э...
Екінші моңғол қолжазбасы
Қайың қабығына жазылған екінші моңғол қолжазбасы Моңғолиядағы Булган аймағының Дашинчилэн сомоны аумағында табылды. Бұл жер Хар Бухын Балгас немесе Хар Буха қирандылары деп аталады.
Мұнда сондай-ақ IX—X ғасырларға жататын қидандар жазуы бар қыш шатырдың бір бөлігі табылды. Кейін бұл маңнан моңғолдар тұрғызған тас ғибадатхананың қирандылары да анықталды.
Археологиялық қазба жұмыстары барысында зерттелген алаңның ішкі қабырғалары шамамен 500 м × 500 м аумақты қамтыды. Оның айналасында түрлі құрылыс орындары мен су арналарының іздері табылды.
Дәл осы жерде, 1970 жылдары моңғолдың алғашқы археологы, тарихшы, жазушы және аудармашы Хөдөөгийн Дамдины Пэрлээ қайың қабығына жазылған тағы бір қолжазбаны тапты.
Бұл неге екінші моңғол қолжазбасы болып саналады? Өйткені, 1930 жылы КСРО-да, Волганың сол жақ жағалауында, бірінші моңғол қолжазбасы табылған болатын.
Ал Х. Пэрлээ тапқан қайың қабығындағы жазбада жерді дұрыс пайдалану ережелері, аңшылықта қақпан мен тұзақ қолдануға тыйым салу, сирек кездесетін жануарларды аулауға шектеу қою туралы заңдар, діни сутралар мен моңғол әліпбиі жазылған.
Бұл құнды тарихи дерек «Үйсэн дээр бичсэн цааз эрхэмжийн бичиг» – «Қайың қабығына жазылған құқықтық заң» деп аталды.
Баяжума Асылбек