Моңғолия алдымен Түркиядан азаматтық және әскери оқ-дәрі шығаратын зауыт импорттауды шешті. Елдің қорғаныс саласы сонымен бірге дрон өндіруді дамыту бағытында жұмыс істеп жатыр.
«Әлемдегі геосаяси жағдай өте күрделі әрі шиеленіскен. Әлемдегі соғыстарға байланысты елдер қорғаныс шығындарын арттыруда. Осындай уақытта біздің қорғаныс секторымызды нығайтуға және елдің тәуелсіздігі мен егемендігін қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет. Қазіргі уақытта ұлттық тұрақтылықты арттыруға бағытталған «Патриоттық Моңғолия» бағдарламасы іске қосылуда. Әрбір азаматта патриотизм мен жауапкершілік сезімін тәрбиелеу керек. Жаңа жабдықтар Жапониядан әкелінуде. Жақын арада Түркиядан оқ-дәрі шығаратын зауыт импортталады. Отаны-мызда оқ-дәрі мен атыс қарулары өндіріліп, оларды шетелден шетел валютасымен қымбат бағамен сатып алуға қажеттілік болмайды. Азаматтық және әскери оқ-дәрілер енді Моңғолияда өндіріледі. Қызметкерлер оқ-дәрі өндіруге арналған импорттық жабдықтармен жұмыс істеу бойынша дайындықтан өтті», – деді елдің қорғаныс министрі Бямбацогт Сандаг.
Айта кетейік, Түркия оқ-дәрілерді НАТО стандарттары бойынша өндіреді.
Қорғаныс министрлігі 2025 жылды «Патриоттық Моңғолия – Ұлы жаңғыру жылы» деп жариялады. Сонымен қатар, 2025 жылы министрлік әскерге шақырылушыларды даярлау бағдарламасын жаңартып, ағылшын тілі, компьютерлік сауаттылық және көлік жүргізу курстарын бастауды жоспарлап отыр.