ВАШИНГТОН, 2025 жылғы 29 наурыз /AP/. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио елдегі университеттер кампустарында Палестинаны қолдау шараларына қатысы бар деп танылған 300-ден астам студенттік визаның күшін жойғанын мәлімдеді.
Марко Рубио бұл туралы бейсенбі күні Гайанаға сапары барысында айтты. "Біз мұны күн сайын жасап келеміз. Осы секілді ақылға қонымсыз әрекеттерге барған адамдарды анықтаған сайын олардың визасын жоямыз. Бір күні бұлардан толық құтыламыз деп үміттенемін", – деді ол.
АҚШ билігі Трамп әкімшілігінің Израильге қатысты саясатына қарсылық білдіргендерді жазалау шараларын жалғастырып, оларды қамауға алып, елден шығарып жатыр. "Біз сізге білім алып, ғылыми дәреже алу үшін виза береміз, бірақ сізді қоғам қайраткері ету үшін немесе университет кампусын қиратуға мүмкіндік беру үшін емес. Егер сіз виза алу кезінде жалған ақпарат беріп, АҚШ аумағына кіріп, бұл визаны осындай әрекеттерге қатысу үшін пайдалансаңыз, онда сіздің визаңыз дереу жойылады", – деп мәлімдеді М.Рубио.