Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Несие тарихы: оны қалай тексеруге және жақсартуға болады

43




Несие тарихын жою мүмкін бе және техникалық қателік орын алғанда не істеу керек

Несие тарихы – бұл қарыз алушының барлық қарыздық міндеттемелері туралы маңызды ақпарат, яғни оның барлық несиелері мен бөліп төлеу арқылы жасалған сатып алулары жайлы деректер сақталған бір түрдегі досьесі. Банктер мен микроқаржы ұйымдары бұл мәліметтерді клиенттің сенімділігі мен төлем қабілеттілігін бағалау үшін пайдаланып, жаңа қарыз беру туралы шешім қабылдайды.


Несие тарихына не кіреді

Банк үшін несие тарихы – бұл жай ғана формалдылық емес, сіздің қаржылық тәртіптілігіңізді көрсететін негізгі көрсеткіш екенін түсіну маңызды. Сіздің кәсіби жетістіктеріңіз, жеке қасиеттеріңіз немесе ерікті қызметіңіз несие беру шешіміне әсер етпейді. Банк үшін ең маңыздысы – төлемдер бойынша кешіктірулеріңіз болған-болмағаны және олардың қанша уақытқа созылғаны. Яғни, несие тарихы банктерге сіздің қаржылық жауапкершілік пен сенімділік деңгейіңізді бағалауға көмектеседі.

Мысалы, сіз бұған дейін тұтынушылық несие алған немесе техниканы бөліп төлеумен сатып алған болсаңыз, төлемдерді уақытында төлеп отырсаңыз немесе несиені мерзімінен бұрын жапқан болсаңыз – бұл ақпарат сіздің несие тарихыңызға тіркеледі. Нәтижесінде, сіз банктер үшін сенімді қарыз алушы боласыз. Кейін жаңа несие алу үшін басқа немесе сол банкке жүгінгенде, банк сіздің оң несие тарихыңызды көріп, несиені бекітуі мүмкін – тіпті бұрынғыдан да үлкен сомаға немесе тиімді шарттармен. Себебі сіз банк көзінде «өскен» боласыз, ал сіздің беделіңіз өзіңіз үшін сөйлейді.

Сондай-ақ, несие тарихында несиені ұзарту фактісі, ал 2024 жылдың қыркүйегінен бастап – банктік және микронесиелер бойынша мерзімі өткен берешектерді реттеу туралы мәліметтер (соңғы төлем, сома және т.б.) де көрсетіледі.

Бұдан бөлек, банктер мен МҚҰ клиенттерден түскен несие беру туралы өтініштер жайлы мәліметтерді нақты уақыт режимінде кредиттік бюроларға жолдауы тиіс. Бұл деректерде қарыз алушының ЖСН, несие сомасы және мақсаты көрсетіледі. Бұл 2024 жылы енгізілген жаңашылдықтардың бірі, ол қарыз берушілерге азаматтың бір уақытта бірнеше банк немесе МҚҰ-ға өтініш берген-бермегенін бақылауға мүмкіндік береді.


Несие тарихын жоюға бола ма және техникалық қателік кезінде не істеу керек?

Бұл – ең жиі қойылатын сұрақтардың бірі. «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және несие тарихын қалыптастыру туралы» заңға сәйкес, кредиттік бюро азаматтың несие тарихы туралы ақпаратты соңғы деректер келіп түскен күннен бастап бес жыл бойы сақтауы тиіс. Толық жою қарастырылмаған – несие тарихын жоюға болмайды, тек техникалық қателер болған жағдайларды қоспағанда.

Егер несие есебіңізде жалған мәліметтер – мысалы, әлдеқашан төленген төлем бойынша кешіктіру немесе толық өтелген несие жайлы жазба болса, бұл туралы банкке немесе МҚҰ-ға дереу хабарлаңыз. Бұл – сіздің қаржылық жағдайыңызға тікелей әсер ететін нәрсе, сондықтан дәлелдейтін құжаттарды жинап, шағымдануды кешіктірмеңіз.

Бұдан бөлек, сіз несие тарихындағы жалған ақпаратты Fingramota.kz сайтында тегін даулай аласыз. Ол үшін мына алгоритмді пайдаланыңыз:
«Өнімдер мен қызметтер» бөлімі → «Несие тарихындағы ақпаратты даулау» тармағы.
Өтінімді толтырып, ЖСН мен телефоныңызды көрсетіңіз. Бұл жобаны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) Бірінші кредиттік бюромен бірлесе жүзеге асыруда.


Несие тарихын қалай тексеруге болады

Қазақстан азаматтарының ыңғайлылығы үшін бұл деректерді онлайн және офлайн тексерудің бірнеше жолы бар. Заң бойынша, әрбір азамат өз несие тарихын жылына бір рет тегін тексере алады. Қайта тексеру кезінде қызмет құны 400 теңгені құрайды.

Онлайн:

  • Мемлекеттік кредиттік бюро немесе Бірінші кредиттік бюро (1CB.kz) сайттары арқылы. Қызметті алу үшін ЭЦҚ қажет;

  • Электрондық үкімет порталы eGov.kz арқылы. Өтінішті толтырып, оны ЭЦҚ көмегімен растау қажет. Нәтижесі жеке кабинетте көрсетіледі.

Офлайн:

  • Егер сізге онлайн формат қолайсыз болса, қызметті «Азаматтарға арналған үкімет» филиалдарында немесе «Қазпошта» бөлімшелерінде де ала аласыз. Жеке куәлігіңіз өзіңізбен бірге болуы тиіс.


Несие тарихын қалай жақсартуға болады

Ең бастысы: несие тарихын жылдам түзетеміз деп уәде беретін делдалдарға сенбеңіз. Алдыңғыдай, несие тарихын жою мүмкін емес, бәрі тек өз қолыңызда. Сонымен қатар, делдалдарға сенім арту сіздің деректеріңіздің алаяқтардың қолына түсуіне алып келуі мүмкін – олар сіздің атыңыздан жалған несиелер рәсімдеуі, туыстарыңызды алдауы мүмкін.

Несие рейтингін жақсарту үшін несие төлемдерінің графигін қатаң сақтап, төлемдерді кешіктірмей, тәртіпті қарыз алушы болыңыз. Жауапкершілігіңізді дәлелдеу үшін тұрмыстық техника секілді кішігірім несие рәсімдеп, оны уақытында жабыңыз. Осылайша, несие тарихыңыз жақсарады және банктер сіздің төлемдерге деген көзқарасыңыздың өзгергенін көреді.


"Реабилитацияланған" мәртебесі және оның мүмкіндіктері

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 9 сәуірден бастап Қазақстанда ҚНРДА ұсынған қарыз алушыларды реабилитациялау тетігі жұмыс істейді. Бұл тетікке сәйкес, кредиттік бюро келесі екі жағдайда 90 күннен аса мерзімі өткен қарыздарға «реабилитацияланған» мәртебесін тағайындайды:

  1. Соңғы 12 айда қайта құрылымдаудан немесе қайта қаржыландырудан кейін 30 күннен астам кешіктірулер болмаған жағдайда және қайта құрылымдау кезіндегі қарыз сомасының кемінде 50%-ын төлеген жағдайда.
    Мысалы, сіздің жалпы несие сомасыңыз 1 млн теңге болса, және 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін 500 мың теңгеден астамын өтеп, 30 күннен ұзақ кешіктірмеген болсаңыз, 2026 жылғы 1 қаңтарда «реабилитацияланған» мәртебесі беріледі.

  2. Несиелік қарызды толық өтеуден кейін 12 ай өткен соң.
    Мысалы, егер сіз 2025 жылғы 1 қаңтарда несие бойынша қарызыңызды толық жапсаңыз, 2026 жылғы 1 қаңтарда кредиттік бюро бұл несиеге «реабилитацияланған» мәртебесін беруі тиіс.

Айта кетейік, бұл мәртебе бұрынғы барлық кешіктірулер жойылады дегенді білдірмейді. Несие және бөліп төлеулер бойынша барлық ақпарат бес жыл бойы тарихта сақталады. Сондықтан оң мәртебе жаңа несие алуға кепілдік бермейді — кейде бұл банктер үшін жеткіліксіз болуы мүмкін.


Алаяқтардан сақ болыңыз

Алаяқтық әрекеттерден қорғану үшін мына негізгі ережелерді сақтау ұсынылады:

  • Қаржы қызметін жүзеге асыруға лицензиясы бар банктер мен микроқаржы ұйымдарынан ғана несие рәсімдеңіз. Лицензияның бар-жоғын ҚНРДА ресми сайтынан тексеруге болады.

  • Жеке деректеріңізді үшінші тұлғаларға бермеңіз: ЖСН, жеке куәлік немесе төлқұжат нөмірі, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ), банк картасының деректері (CVV/CVC коды қоса) – бұлардың бәрін WhatsApp, Telegram және басқа мессенджерлер арқылы жібермеңіз. Мұндай деректерді беру деректеріңіздің заңсыз пайдаланылуына әкеп соғуы мүмкін.

  • Несие тарихыңызды үнемі тексеріп отырыңыз — әр 3–6 айда бір рет. Бұл – мүмкін қателерді дер кезінде анықтап, алаяқтық белгілерін байқауға мүмкіндік береді.

  • "Стоп-кредит" сервисін пайдаланыңыз — бұл банк және микронесиелерден өз еркіңізбен бас тартуға мүмкіндік береді. Қызметті eGov.kz порталында немесе eGov mobile мобильді қосымшасында ЭЦҚ немесе логин/құпиясөз арқылы қосуға немесе өшіруге болады.


Осы кеңестерді ұстана отырып, сіз өз несие тарихыңызды біртіндеп жақсартып, алаяқтықпен байланысты қауіптерді азайтасыз. Қаржылық міндеттемелерге әрдайым жауапкершілікпен қарап, эмоциялық сатып алулардан аулақ болыңыз, өз мүмкіндіктеріңізді дұрыс бағалаңыз және қаржылық қауіпсіздік жастығына қаражат жинап отырыңыз. Бұл сізге несиелерге сирек жүгінуге және кез келген жағдайда сенімді болуға көмектеседі.

Дереккөз: Fingramota.kz