Ресейдің Омбы облысында қазақтар – ең ірі екінші этнос.Ресейдің Омбы облысы үкіметінің мәліметінше, өңірдегі ең ірі екінші ұлт – қазақтар. Омбыда 69,4 мыңнан астам қазақ тұрады, олардың көпшілігі облыс орталығында қоныстанған. Алайда, кейінгі жылдары қала су астына кету қаупімен бетпе-бет келіп отыр.
Омбы су астына кетіп барады
Жергілікті Omskinform ақпарат агенттігінің хабарлауынша, соңғы жылдары қалада көптеген үйлер мен аудандар қаңырап бос қалған. Халық орталыққа және биік орналасқан аудандарға көшіп жатыр. Бұл тұрғын үй нарығына да әсер етуде – бүгінде Омбыда екі бөлмелі пәтердің бағасы 8 миллион рубльге (шамамен 43 миллион теңге) жеткен.
Орыс географиялық қоғамының Омбы өңірлік бөлімі төрағасының орынбасары, геоморфолог Игорь Вяткин қаланың 70%-ын су басқанын және бұл үдеріс 20 жыл бұрын басталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Омбының астында тұтас су қоймасы қалыптасуы мүмкін.
Экологиялық апаттың себептері қандай?
Ғалымдар Омбыда көпқабатты үйлердің қарқынды салынуы жер асты суларының табиғи ағынын бұзып, судың жер бетіне шығуына әкелгенін айтады. Қаладағы үйлердің жертөлелерін су басып, кей аудандарда тұру мүмкін болмай қалған.
Сонымен қатар, Кеңес заманында тың игеру мен ирригациялық жүйелердің өзгеруі жер асты суларының деңгейін көтерген. Ертіс өзенінің арналары қолдан түзетіліп, нәтижесінде судың ағысы жылдамдап, жағалаулар шайыла бастаған. Бұл өзгерістер 90-жылдары Омбының кейбір аудандарында алғашқы су тасқындарына себеп болды.
Қала билігі қандай шаралар қабылдауда?
Қала билігі тұрғындарды су тасқынына өз бетінше дайындалуға шақыруда. Мэрия көпқабатты үйлердің маңайындағы су ағатын арналар мен құбырларды тазарту шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар, жаңа ережелер енгізіліп, тұрғын үйлердің иелері мен кәсіпкерлер өз аумақтарындағы қарды тазалауға міндеттелді.
Омбыда экологиялық жағдай нашарлап барады
"Росгидромет" деректеріне сәйкес, Омбыдағы су қоймаларында улы заттардың мөлшері шекті рұқсат етілген деңгейден бірнеше есе асып кеткен. Суларда фенол, марганец, сульфаттар, ауыр металдар мен басқа да зиянды элементтер шоғырланған.
Осыған дейін Омбыда ауаның ластану деңгейі де тым жоғары екені анықталған еді. Қала тұрғындары көміртегі тотығы, азот диоксиді, күкірт қышқылы және формальдегидтің шамадан тыс мөлшерін тынысқа тартып жатыр.
Омбы халқы азайып барады
2017 жылы Омбы қаласының халқы 1,178 миллион адам болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1,09 миллионға дейін азайды. Омбы тұрғындарының саны 1992 жылдан бері тұрақты түрде кеміп келеді.
Омбыдағы экологиялық жағдай жақсармаған жағдайда, болашақта қала су астында қалып, елсіз мекенге айналуы мүмкін.