Құдай қазаққа мұнайды бергенде жекелеген адамдар байысын деп емес, халқы бақуатты ғұмыр кешсін деп бергені анық. Алайда қара алтынды керегіне жаратып жүргендер аз емес екен. Сондайлардың біріне қатысты тағы бір қылмыстық іс ашылыпты.
Маңғыстаулық прокурорлар «Ойл Транспорт Корпорейшн» компаниясының лауазымды қызмет атқарған басшыларын бюджет қаражатын жымқырып, жемқорлыққа жол берген үшін жауапқа тартып жатқан көрінеді.
Сонымен аталған компания 700 миллион теңгені негізсіз төлеп, көрсетілмеген қызметке 2,2 миллиард теңге аударыпты. Яғни, 3 миллиард теңгеге жуық қаражат біреудің қалтасына кеткен секілді.
Негізі «Ойл Транспорт Корпорейшн» бұған дейін де дауға қалған екен. Өткен айда 1,5 миллиард теңгеге талапқа сай келмейтін автобустар сатып алған. Қолданылмаған техника есебінен 110 миллион теңге төлеген. Айтпақшы, бұл компанияның аз жалақы төлегені де біраз шу болып, мердігер компаниясының жұмысшылары шеруге шыққан еді. Қысқасы, қаза берсеңіз, былығы көп.
Мұнай – Қазақстан экономикасының драйвері. Еліміз осы қара алтынды сатып, содан түскен қаражат есебінен күн көріп отыр десек артық айтқандық емес. Ядан түскен пайда ұлттық қорға салынады. Ал салығы бюджетке түседі. Яғни, жымқырылған әрбір тиын сіз бен біздің, бүкіл халықтың ақшасы.
Құдайдың қазаққа берген сыйын өздеріне майшалпек көрді ме, кім білсін. Мұнай саласындағы мердігер компаниялар мүмкіндігінше қаражатты жымқырып қалуға құмар екен. Прокуратура жекелеген кәсіпорындарды тексеруін жалғастырып жатқан көрінеді. Әлі де талай былықтың беті ашылады-ау.
Қазірдің өзінде бюджет қаражатын жымқыру бойынша тергеу жүргізіліп, 8 адам тұтқындалыпты. Соның ішінде «Қазмұнайгаздың» еншілес компанияларының 4 басшысы бар екен.