Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Оңтүстік Кореяда әскери жағдай жарияламақ олған Президенттің әрекетіне Парламент қарсы шықты

32

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёльдің елде әскери жағдай енгізуге тырысқаны күтпеген жағдай болды. Алайда бұл әрекет алты сағаттан соң сәтсіздікке ұшырады: парламент әскери жағдайды тоқтату туралы шешім қабылдады, ал президент өз позициясынан бас тартуға мәжбүр болды. «Ұлттық жиналыс төтенше жағдайды тоқтатуды талап етті, сондықтан біз әскери жағдайды енгізу операцияларына қатысқан әскерилерді кері қайтардық. Ұлттық жиналыстың талабын қабылдаймыз және министрлер кабинеті отырысында әскери жағдайды ресми түрде тоқтатамыз», – деді Юн Сок Ёль телеүндеуінде. Осыдан кейін министрлер кабинеті жиналып, әскери жағдайды жою туралы дауыс берді, деп хабарлады Yonhap агенттігі. Әскерилер өз бөлімдеріне оралды. Сәрсенбі күні таңертең президент аппаратының барлық мүшелері отставкаға кетті. Ал президент жергілікті уақыт бойынша сағат онға дейін жаңа мәлімдеме жасаған жоқ. Парламентте көпшілікке ие Демократиялық партияның президентке қарсы мүшелері егер ол өзі отставкаға кетпесе, импичмент рәсімін бастайтындарын мәлімдеді. Президенттің сейсенбі күні кешкісін жергілікті уақытпен жасаған алдыңғы мәлімдемесінде әскери жағдай енгізуді «конституциялық тәртіпті коммунистік күштер мен Солтүстік Кореядан төнетін қауіптен қорғау үшін қажет шара» деп атаған. Президенттің айтуынша, қауіп тек Солтүстік Кореядан ғана емес, ел ішіндегі «антиконституциялық элементтерден» де туындап отыр, және оларды жою қажет. Ол Солтүстіктен қандай нақты қауіптердің бар екенін нақтыламады, бірақ екі ел әлі күнге дейін техникалық тұрғыда соғыс жағдайында. YTN телеарнасының сайтында президенттің халыққа жасаған үндеуінің мәтіні жарияланды. Онда ол оппозицияны елді басқару жұмысын қиындатып, үкімет мүшелері мен шенеуніктерге импичмент жариялауға тырысқаны үшін айыптады. Президенттің айтуынша, жаңа үкіметтің (биыл көктемде сайланған) қызметі басталғалы Ұлттық жиналыс 22 мемлекеттік қызметкерге, соның ішінде бірнеше прокурорға, ішкі істер министрі мен қорғаныс министріне импичмент жариялайтынын ескерткен. «Бұл – еркін Корея Республикасы конституциялық тәртібін таптап, Конституция мен заңдар негізінде құрылған заңды мемлекеттік институттарды құлатып, азаматтық соғыс туғызуға тырысатын ашық антиконституциялық әрекет», – деді Юн Сок Ёль. Оның айтуынша, бұл жағдай тек Корея үшін ғана емес, әлемдегі кез келген ел үшін бұрын-соңды болмаған құбылыс.