Оңтүстік Кореяда жад микрочиптерін өндіретін зауыи тоқтауы мүмкін

13

Munarmedia.kz. 22.05.2026. АСТАНА – Оңтүстік Кореяда жаһандық жад микрочиптерінің шамамен үштен бірін өндіретін зауыттардың жұмысы тоқтауы мүмкін. Әңгіме Samsung компаниясының кәсіпорындары туралы болып отыр. Бұл жөнінде CNBC хабарлады.

Мәліметке сәйкес, компания мен кәсіподақ арасындағы дау бонус төлемдеріне байланысты туындаған. Кәсіподақ өкілдері қызметкерлерге компанияның операциялық пайдасының 15 пайызын төлеуді және сыйақы көлеміне қойылған шектеуді алып тастауды талап етуде. Ал Samsung тарапы 10 пайыздық бонус пен бір реттік үстемақы ұсынған.

Келіссөздердің тығырыққа тірелуі өндірістің уақытша тоқтау қаупін күшейтіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, мәселе тек қаржыда емес, қызметкерлердің компания табысына ортақтасу құқығына қатысты қағидатты ұстанымда болып отыр.

Ким Мин Сок бастаған ел үкіметі ықтимал тоқтап қалудың экономикалық салдарына алаңдаушылық білдірді. Алдын ала есеп бойынша, тікелей шығын көлемі 1 триллион вонға жетуі мүмкін. Егер өндіріс желілеріндегі жартылай дайын кремний пластиналарын жоюға тура келсе, шығын 100 триллион вонға дейін ұлғаюы ықтимал.

Мамандардың пікірінше, мұндай жағдай смартфондар, ноутбуктер, серверлер және жасанды интеллект дата-орталықтарына арналған чиптер жеткізіліміне әсер етуі мүмкін.

#Samsung #ОңтүстікКорея #Чип #Технология #Экономика #ЖИ #MunarMedia