Ормуз бұғазындағы жағдай әлемдік мұнай нарығына әсер етуде

6

АСТАНА.15.05.2026 Munarmedia.kz – Ормуз бұғазындағы жағдайдың күрделенуі әлемдік мұнай нарығына қатты әсер етіп отыр. International Energy Agency жариялаған айлық есепке сәйкес, Таяу Шығыстағы қақтығыстар салдарынан мұнай жеткізу тізбегі бұзылып, 2026 жылы әлемде мұнай тапшылығы туындауы мүмкін.

Агенттік мәліметінше, Ормуз бұғазы арқылы танкерлер қозғалысының шектелуі Парсы шығанағы елдерінен жеткізілетін мұнай көлемінің айтарлықтай азаюына әкелген. Қазіргі уақытта нарықтан тәулігіне 14 миллионнан астам баррель мұнай шығып қалған. Ал жалпы жоғалған ұсыныс көлемі 1 миллиард баррельден асып кеткені айтылды.

Халықаралық энергетикалық агенттік мұны соңғы жылдардағы ең ірі жеткізу дағдарыстарының бірі деп бағалап отыр. Сарапшылардың болжамынша, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы тек үшінші тоқсаннан бастап біртіндеп қалпына келуі мүмкін.

Соңғы есепте мұнай нарығына қатысты болжамдар да айтарлықтай өзгерген. Енді агенттік 2026 жылы әлемдік мұнай ұсынысы сұраныстан тәулігіне 1,78 миллион баррельге төмен болады деп күтеді. Ал сәуір айында керісінше, тәулігіне 410 мың баррель көлемінде профицит болады деген болжам жасалған еді. Бұған дейін желтоқсанда нарықта шамамен 4 миллион баррель артық мұнай болуы мүмкін деген пікір айтылған болатын.

Сонымен қатар мұнай өндіру көлеміне қатысты болжам да қайта қаралды. Қазіргі бағалауға сәйкес, әлемдік өндіріс тәулігіне шамамен 3,9 миллион баррельге қысқаруы ықтимал. Бұған дейін бұл көрсеткіш 1,5 миллион баррель деңгейінде болады делінген еді.

Агенттік әлемдік сұраныс болжамын да төмендетті. Енді мұнайға деген сұраныс тәулігіне 420 мың баррельге азаяды деп күтілуде. Бұған дейінгі болжам 80 мың баррель көлемінде болған.

Сарапшылардың пікірінше, Ормуз бұғазы – әлемдік энергетика үшін стратегиялық маңызы жоғары аймақтардың бірі. Сондықтан ондағы кез келген тұрақсыздық мұнай бағасына, тасымалға және жаһандық экономикаға тікелей әсер етеді.

#Мұнай #ОрмузБұғазы #ТаяуШығыс #Энергетика #ӘлемЭкономикасы #IEA #Munarmedia #ӘлемЖаңалықтары