Қазақстанда 66 мыңнан астам азаматтың қарызы кешірілуі мүмкін.

7

АСТАНА.15.05.2026 Munarmedia.kz – Бұл туралы Сенат кулуарында Мемлекеттік кірістер комитетінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының жетекшісі Меруерт Сисембаева мәлімдеді.

Оның айтуынша, соттан тыс банкроттық рәсімі арқылы ғана шамамен 132 миллиард теңге қарызды есептен шығару жоспарланып отыр. Ал жалпы екі түрлі банкроттық рәсімі бойынша бүгінге дейін 66,6 мыңға жуық адам ресми түрде банкрот деп танылған.

Бұған дейін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кейбір қазақстандықтардың мерзімі өтіп кеткен несиелерін табысы мен мүлкін тексермей-ақ есептен шығару мүмкіндігі қарастырылып жатқанын хабарлаған еді.

Жаңа ережеге сәйкес, егер азамат несие төлемегеніне 5 жылдан асса, оның берешегі автоматты түрде кешірілуі мүмкін. Мұндай жағдайда адамның табысы немесе меншігіндегі мүлік көлемі ескерілмейді.

Сонымен қатар елімізде «проактивті банкроттық» тетігі енгізілмек. Яғни мемлекет өзі борышкерлерді анықтап, оларға қарызды есептен шығару рәсімін рәсімдеу туралы SMS-хабарлама жолдайды.

Алайда мамандар банкроттықтың тек қарыздан құтылу емес, белгілі бір шектеулермен қатар жүретінін ескертеді. Егер азамат банкрот деп танылса:

▪️5 жыл бойы несие ала алмайды;
▪️3 жыл бойы оның қаржылық жағдайын уәкілетті органдар бақылауда ұстайды;
▪️қайта банкроттық рәсіміне тек 7 жылдан кейін ғана өтініш бере алады;
▪️банкроттық туралы ақпарат ашық дереккөздерде жарияланады.

Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарға көмектесуі мүмкін. Дегенмен мамандар банкроттық рәсіміне өтпес бұрын оның барлық салдарын мұқият саралап алуға кеңес береді.

#Қазақстан #Қарыз #Несие #Банкроттық #Қаржы #Munarmedia #Жаңалықтар