Тұтынушылық несиенің инфляцияға әсері асыра бағаланған – М.Әбілқасымова

36


АСТАНА.16.05.2026.Munarmedia.kz – Қазақстанда тұтынушылық несиелеудің инфляцияға қосатын үлесі асыра бағаланып отыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова BES.media бас редакторы Серікжан Мәулетбай берген сұхбатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, экономикадағы артық өтімділік екі негізгі арна арқылы қалыптасады. Біріншісі – фискалдық саясат. Соңғы жылдары мемлекеттік шығындардың айтарлықтай өсуі ішкі сұраныс пен тұтынуды ынталандырған. Екіншісі – тұтынушылық несиелеу. Алайда реттеуші органның бағалауынша, оның инфляцияға ықпалы шектеулі.

«Біздің бағалауымыз бойынша, тұтынушылық несиелеудің инфляция өсіміне қосатын үлесі жоғары емес. Бұл көрсеткіш асыра бағаланған. Ұлттық банктің есебіне сәйкес, инфляцияға жалпы ықпалы 2 пайыздан аспайды. Қазір тұтынушылық несиелеу баяулағанымен, инфляция әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Демек, бағаның өсуіне басқа факторлар көбірек әсер етіп жатыр», – деді Мәдина Әбілқасымова.

ҚНРДА мәліметінше, 2020 жылдан бері Қазақстанда тұтынушылық несиелеу көлемі жыл сайын 30 пайыздан астам өсіп келген. Алайда өткен жылдан бастап нарықтағы өсім айтарлықтай баяулап, 14,6 пайыз деңгейіне дейін төмендеген.

Агенттік төрайымы мұны екі себеппен байланыстырды. Біріншіден, нарық белгілі бір деңгейде қаныққан, алғашқы жылдардағы жоғары сұраныс бәсеңдей бастаған. Екіншіден, Ұлттық банк пен ҚНРДА халықтың борыш жүктемесін азайту мақсатында қабылдаған шаралар нәтижесін бере бастаған.

Сондай-ақ, Мәдина Әбілқасымова 2024-2025 жылдары тұтынушылық несие беру саласына қатысты заңнамалық реформалар пакеті қабылданғанын еске салды. Негізгі мақсат – төлем қабілеті төмен қарыз алушыларға несие беруді шектеу және «кредиттік шопингтің» алдын алу.

#ҚНРДА #Инфляция #ТұтынушылықНесие #ҰлттықБанк #ҚазақстанЭкономикасы #Munarmedia