АСТАНА.16.05.2026.Munarmedia.kz – Алматыға банк картасын рәсімдеу үшін келген Ресей азаматы әлеуметтік желідегі даулы видеодан кейін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы қазақстандық журналист Михаил Козачков хабарлады.
Оның мәліметінше, әйел әлеуметтік желіде Қазақстандағы жағдайын «Ресейдегі өзбек сияқты сезіндім» деп сипаттап, бейәдеп сөздер қолданған. Видео қысқа уақыт ішінде желіде тарап, қоғамда қызу талқыланды.
«Қазақстанға сапары ұзақ уақыт есте қалатын болды. Әлеуметтік желіде шу тудырған Ресей азаматшасы 10 тәулікке қамауға алынды», – деп жазды Михаил Козачков өзінің Telegram арнасында.
Оқиғадан кейін Алматы қаласы Алмалы аудандық полиция басқармасы тексеру жүргізген. Полиция өкілдері заңға қайшы әрекеттер азаматтың мәртебесіне немесе жеке басына қарамастан құқықтық тұрғыда бағаланатынын атап өтті.
«Мұндай әрекеттер назардан тыс қалмайды және құқықтық баға беріледі», – делінген полиция хабарламасында.
Тексеру қорытындысы бойынша ұсақ бұзақылық фактісімен әкімшілік іс қозғалды. Мамандандырылған сот шешімімен құқық бұзушы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Ресей азаматшасының Алматыда құжат рәсімдеу мен банк картасын ашуда қиындықтарға тап болғанын айтып, эмоциялық түрде шағымданған видеосы тараған еді. Бейнежазбада балағат сөздер қолданылған.
Видео қоғамда кең резонанс тудырып, желі қолданушылары қызды қоғамдық орында бейәдеп сөз айтқаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартуды талап етті.
Соңғы жылдары Қазақстанда әлеуметтік желідегі жазбалар мен мәлімдемелерге байланысты бірнеше қылмыстық және әкімшілік іс қозғалған. Билік пен қоғам өкілдері ұлтаралық араздықты қоздыруы мүмкін немесе қорлайтын сипаттағы пікірлерге ерекше назар аударып келеді.
Атап айтқанда, 2025 жылдың жазында кәсіпкер Алика Мухамадиева Қазақстан тұрғындары, қазақ тілі және мұсылмандар туралы қорлайтын пікірлер айтқаннан кейін қоғамда үлкен дау туындаған еді. Кейін оған қатысты ұлтаралық араздықты қоздыру бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
2025 жылдың қарашасында Қарағанды соты Алика Мухамадиева 3,5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Алайда екі жасар баласының болуына байланысты жаза өтеу мерзімі кейінге шегерілген.
#Алматы #РесейАзаматы #Полиция #ӘкімшілікҚамау #ӘлеуметтікЖелі #Қазақстан