Орталық Азия елдері еркіндік деңгейі бойынша рейтингте төмен нәтиже көрсетті.

8

Munarmedia.kz 25.03.2026 /Astana/ –  Бұл туралы Freedom House ұйымының «Әлемдегі еркіндік – 2026» атты жыл сайынғы баяндамасында айтылған.

Құжатқа сәйкес, Орталық Азиядағы бес елдің барлығы «еркін емес» мемлекеттер санатына енгізілген.

Қырғызстан 100 мүмкін балдың 26-сын иеленген. Ел парламенттік басқару жүйесіне өткеннен кейін саяси тұрақсыздыққа, жемқорлыққа және 2020 жылғы дағдарысқа тап болды. Бұл кезең оппозицияны қысымға алумен қатар жүрген.

Қазақстан 23 балл жинаған. Республикада парламенттік және президенттік сайлаулар еркін әрі әділ деп бағаланбайды. Ірі бұқаралық ақпарат құралдары негізінен мемлекеттік меншікте немесе билікке жақын бизнес өкілдерінің қолында. Сөз бостандығы мен жиналыс еркіндігі шектеулі, ал жемқорлық жүйелі сипатқа ие.

Өзбекстан 12 балл алған. 2016 жылдан кейін жүргізілген реформалар бірқатар бағытта ілгерілеуге мүмкіндік бергенімен, ел әлі де «демократиялану белгілері аз авторитарлық мемлекет» ретінде сипатталады. Баяндамада атқарушы билік қолында өкілеттіліктің шоғырлануы, парламенттік оппозицияның жоқтығы және БАҚ-тың қатаң бақылауда екені атап өтілген.

Тәжікстан 5 балл жинаған. Ұйым дерегінше, Эмомали Рахмон билігі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қатаң шектейді, оппозиция іс жүзінде жойылған, ал діни қызмет мемлекет бақылауында.

Түрікменстан 1 баллмен ең төмен көрсеткішке ие болды. Есепте елдегі сайлаулардың бақылауда өтетіні, жемқорлықтың жүйелі сипат алғаны, діни топтардың қудаланатыны және саяси өзгеше пікірге жол берілмейтіні көрсетілген.

Айта кетейік, индекс екі негізгі құрамдас бөліктен тұрады: саяси құқықтар (0–40 балл) және азаматтық бостандықтар (0–60 балл).

#Munarmedia #Astana #ОрталықАзия #FreedomHouse #Рейтинг #Саясат #Құқық #Еркіндік