Munarmedia.kz 25.03.2026 /Astana/ – Бұл туралы Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова мәлімдеді.
Оның айтуынша, Ресей Қазақстан және Өзбекстанмен ядролық энергетика саласында «құқық пен өзара құрмет негізінде» ынтымақтасады.
Захарова бұл пікірін Франция президенті Эммануэль Макронның ресейлік уранға тәуелділікті азайту қажеттігі туралы мәлімдемесіне қатысты білдірді. Макрон балама жеткізушілер ретінде Өзбекстан, Қазақстан, Моңғолия, Канада және Аустралияны атаған.
«Біз ұжымдық Батыстың Орталық Азия нарығына, атап айтқанда осы табиғи ресурстар сегментіне қол жеткізуді өзіне бекітіп алуға тырысып жатқанын көріп отырмыз. Олар көбіне нарықтық емес тәсілдермен әрекет етеді және өңір елдерімен біздің ынтымақтастығымызға іріткі салуға ұмтылады», – деді Захарова.
Оның сөзінше, Батыс мемлекеттері Орталық Азияның табиғи ресурстар нарығында орнығуға тырысып, «отаршылдық сипаттағы үстемдік позициясынан» әрекет етуде.
Қазақстан әлемдегі ең ірі уран өндіруші ел мәртебесін сақтап отыр. 2025 жылы елде 25,8 мың тонна уран өндірілген. Ал 2026 жылы өндіріс көлемі 27,5–29 мың тоннаға жетуі мүмкін.
Өзбекстанда 2025 жылы 7 мың тонна уран өндірілсе, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 4 мың тонна болған. Елдегі анықталған уран қоры 139 мың тоннаға бағаланып отыр.
#Munarmedia #Astana #ОрталықАзия #Уран #Энергетика #Қазақстан #Өзбекстан #ХалықаралықҚатынас