Munarmedia.kz | 15.06.2025 /Астана/-Орталық Азияда Қытай Қазақстанға басымдық беріп отыр. Астана мен Бейжің арасындағы қарым-қатынастар ең жоғарғы деңгейде стратегиялық серіктестік ретінде үнемі атап көрсетіледі. Алайда, әлемдегі ең ірі экономикалардың бірі біздің елімізді не себепті тең құқықты әріптес ретінде қарастырады? «Мәңгілік достық» туралы мәлімдемелердің ар жағында қандай да бір астар бар ма?
Көршіден – стратегиялық әріптеске дейін
Қытайдың Орталық Азиядағы сыртқы саясаты соңғы он жылда елеулі өзгерістерге ұшырады, әсіресе бұл Қазақстанмен қарым-қатынаста айқын көрініп отыр. 2013 жылы Қытай басшысы Си Цзиньпин ұсынған «Бір белдеу – бір жол» бастамасына дейін Пекин үшін Қазақстан негізінен энергоресурстар көзі әрі транзиттік аумақ ретінде ғана қарастырылған.
Алайда соңғы он жыл ішінде Астана Қытайдың Азия мен Еуропаны байланыстыратын жаһандық экономикалық дәліздер құру стратегиясындағы басты әріптесіне айналды.
Гарвард университетінің зерттеушісі Сагит Бакировтың пікірінше, бұл үрдіс соңғы жылдары айрықша белсенді сипат алып отыр.
– Қазақстан президентінің жеке тұлғасы ерекше рөл атқарады. Тоқаев Қытайды және оның мәдениетін терең түсінеді, тілді жетік меңгерген. Яғни ол Қытай басшысымен тікелей, аудармашыларсыз еркін сөйлесе алады. Бұл – саясаткерлер арасындағы жеке кездесулерде өте маңызды фактор. Сонымен қатар, президенттің халықаралық дипломатия саласында ондаған жылдық тәжірибесі бар. Мұның бәрі оған жоғары деңгейде өзара сенім мен ортақ мүдделерге негізделген диалог құруға мүмкіндік береді, – дейді Сагит Бакиров.
Сарапшының айтуынша, Қытайдың экономикалық бағыты да айтарлықтай өзгерген. Бұрынғыдай тек шикізат жобаларына емес, енді инфрақұрылымдық ынтымақтастыққа көбірек көңіл бөлініп отыр.