2024 жылы 16 қараша күні Ыстамбұл университеті
жанындағы Түркітану зерттеу институтында өткен панельде профессор, доктор
Муалла Уйду ЮЖЕЛ басқаруында профессор, доктор Әбдіуақап ҚАРА (Мимар Синан
көркем өнер университеті), профессор, доктор Өмер ҚҰЛ (Ыстамбұл университеті),
доктор, доцент Текін ТҮНЖЕР (Невшехир Хажыбекташ университеті), Абдулла ОҒҰЗ
(ИЯУ Бас хатшысы) және Маман Харун Месут АҚГҮН сияқты спикерлер сөз
сөйледі.
Панельде жасаған өзімнің баяндамамда КОКП ОК саяси
бюросы Оспан Батырды өлтіруге неге шешім қабылдағанын атап өттім. Сондағы
сөзімнің мазмұнын келтірейін.
Біз панельде сөйлеген "Оспан батыр және 1944
жылғы Шығыс Түркістан Республикасы" тақырыбындағы сөзімізде Оспан Батыр
мен 1944 жылғы Шығыс Түркістан Республикасы арасындағы күрделі және динамикалық
қарым-қатынастарға тоқтала отырып, Шығыс Түркістандағы тәуелсіздік күресінің
әртүрлі қырларын көрсетуге тырыстық.
Әсіресе Оспан Батырдың 1944 жылғы Шығыс Түркістан
Республикасының құрылу үдерісіндегі рөлі, Республика Президенті Әлихан Төре
екеуінің қарым-қатынасы және кеңес ықпалындағы бұл саяси құрылымға қатысты
ұстанымға назар аудардық.
Сонымен қатар, Оспан Батырдың коммунистік режимге
қарсы күресі, Алтай аймағында күш жинау стратегиясы және аймақтағы қазақ
халқының мүдделерін қорғау әрекеттері арқылы Шығыс Түркістанның тәуелсіздік
күресінің қиыншылықтары мен сәтсіздік себептерін талдадық.
1944 жылы Оспан батырдың қолдауымен жария етілген
Шығыс Түркістан Республиканың Президенті Әлихан Төре 1946 жылы жоғалып
кеткеннен кейін, Оспан Батыр Шығыс Түркістан Республикасының кеңес ықпалының
астында біртіндеп қуыршақ мемлекетке айналғанын байқайды да бұл саяси
құрылымнан бойын аулақ ұстай бастады.
Сөйтіп 1946 жылы Оспан Батыр Шығыс Түркістан
Республикасынан толықтай кету туралы шешім қабылдайды. Осыдан кейін ол
Құлжадағы Шығыс Түркістан билігі тарапынан «сатқын» деп жарияланды.
Сөйтіп ұлттық күштердің өзара екіге бөлінуі аймақтағы тәуелсіздік қозғалысының
әлсіреуіне және Қытайдың өңірдегі бақылауын қайта орнатуына негіз қалады.
Біз кешегі конференцияда Әзірбайжандық тарихшы ғалым
Джамил Гасанлының “Совет саясатының аясында Шығыс Түркістан: Сталин және
Шығыс Түркістандағы мұсылман қозғалысы (1931–1949)” атты еңбегіндегі
Ресей мемлекеттік мұрағатынан алған деректерін пайдаланды.
Автор Оспан батырдың Шығыс Түркістандағы қуыршақ
өкіметтен алшақтап оған қарсы күрес жүргізе бастағанына және сол себептен
Кеңестік биліктің оған қатты алаңдап өлтіруге шешім қабылдағанына баса
көрсетеді.
Оспан Батырдың Шығыс Түркістандағы қарсылық қозғалысын
және тәуелсіздік күресін өз мүдделеріне қауіп ретінде көре бастаған КОКП ОК
Саяси Бюросы Оспан Батырды өлтіру және қарсылық күштерін тарату туралы шешім
қабылдады.
Саяси Бюро 1947 жылы, 24 ақпан күні қабылдаған бұл
шешім Совет Одағының Оспан Батырдың Қытайға қарсы әрекеттерін тоқтатып,
аймақтағы бақылауын орнату ниетінің нәтижесі болды. Алайда Оспан Батыр табанды
қарсылық көрсетіп Шығыс Түркістан қуыршақ өкіметінің күштеріне тойтарыс береді
де, КССР Политбюросының шешімі іске аспай қалады.
Сөзіміздің қорытындысында Оспан Батырдың Совет
Одағының аймақтағы араласушы саясатына қарсы батыл және табанды ұстаным
көрсеткенін атап өттік. Ол сыртқы күштердің бақылауындағы тәуелсіздік күресін
қабылдамай, жергілікті халықтың еркімен жүргізілген қарсылықты жақтады.
Кеңестердің әскери қысымына және саяси араласуларына
қарамастан, Оспан Батырдың жетекшілігі Шығыс Түркістандағы бостандық
ізденісінің символына айналды. Оның күресі совет экспансиясына қарсы
қарсылықтың үлгісі ретінде тарихта өз орнын алды.
Батырдың мұрасы — тарихтың тереңінен бүгінгі күнге
дейін жеткен азаттық ұраны. Бұл ұран түркі әлемінің де жадында сақталып,
болашақ ұрпақтарға шабыт беруді жалғастырады.
Автор: Е-history.kz