Munarmedia.kz 19.02.2026 /Астана/
Өзбекстандағы ең ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірі – Алмалық тау кең комбинаты (АГМК) шетелдік келісімшарттарға қатысты 200 миллион АҚШ долларынан асатын сома бойынша жарияланған күмәнді ақпараттарды жоққа шығарды. Бұған дейін аталған деректерді халықаралық зерттеуші журналистер желісі – OCCRP таратқан болатын.
Зерттеу материалында кәсіпорын өткізген бірқатар тендерлер Ұлыбритания, Грузия және Сингапурда тіркелген, «жалған компания» белгілері бар шетелдік құрылымдарға берілуі мүмкін екені айтылған. Журналистер кейбір компанияларда салалық тәжірибенің болмауын, қаржылық есептілікте «ұйқыдағы» мәртебеде тұруын және БАҚ сауалдарынан кейін тіркеу деректерінің өзгеруін күмәнді жайт ретінде көрсеткен. Сондай-ақ жекелеген тұлғалардың Өзбекстандағы іскерлік және спорттық ортамен ықтимал байланыстары туралы болжамдар келтірілген.
Өз кезегінде АГМК аталған келісімшарттар бойынша қызметтік тексеру жүргізілгенін мәлімдеді. Комбинаттың хабарлауынша, мақалада көрсетілген барлық импорттық келісімдер арнайы электрондық платформа арқылы ашық әрі жария тендерлік рәсімдер негізінде өткізілген. Кәсіпорын тікелей шарттар жасалмағанын, жеңімпаздар ең төменгі баға ұсынысы бойынша автоматты түрде анықталғанын атап өтті. Сонымен қатар қатысушылардың аффилирленуі жүйе арқылы тексерілгені және ондай байланыстар расталмағаны хабарланды.
Комбинат өкілдерінің айтуынша, жеткізілген тауарлар толық көлемде қабылданып, келісімшарт талаптарына сай келеді. «Аталған келісімдер кәсіпорын мүддесіне зиян келтірген жоқ, мемлекеттік сатып алу барысында заң бұзушылықтарға жол берілген жоқ», – делінген ресми мәлімдемеде.
OCCRP зерттеуінде тендер жеңімпаздары ретінде бірқатар шетелдік компаниялар аталған. Атап айтқанда, Ұлыбританиядағы «Lemixton Solutions» және «Golders Business», Грузиядағы «LOSBP» мен «Prof Engineering», сондай-ақ Сингапурдағы «Polisteel Solutions», «Ventopro» және «Mek Industrial Technology» компаниялары көрсетілген. Журналистер кейбір құрылымдар мен олардың өкілдері арасындағы ықтимал байланыстарға назар аударған. Сонымен бірге «Mek Industrial Technology» компаниясының Багам аралдарындағы «Colcot Company» фирмасымен байланысы болуы мүмкін екені айтылған. Зерттеу авторлары кей жағдайларда өзара байланысы бар компаниялар бір тендер аясында бір-бірімен бәсекеге түскенін де алға тартады.
АГМК Өзбекстан экономикасындағы стратегиялық маңызы зор кәсіпорын саналады. Комбинат елдегі мыс өндіретін жалғыз өндіріс орны әрі Орталық Азиядағы ең ірі мыс өндірушілердің бірі. Сонымен қатар республикадағы күмістің шамамен 90 пайызы және алтынның 20 пайызы осы кәсіпорынның үлесіне тиесілі. Кәсіпорын Алмалык қаласында, Ташкент облысында орналасқан.
Осыған байланысты комбинаттың сатып алу үдерістерінің ашықтығы мен айқындығы қоғам мен сарапшылар тарапынан үнемі жіті назарда болады. Қазіргі таңда тараптардың ұстанымы жария етілгенімен, мәселе төңірегіндегі талқылау халықаралық ақпарат кеңістігінде жалғасып жатыр.