Қырғызстанда кадрлық өзгерістер толқыны жалғасуда

22


Munarmedia.kz 19.02.2026 /Астана/-Садыр Жапаров Ош қаласының әкімі қызметіне жаңа басшы тағайындады. «Оңтүстік астана» атанған шаһардың тізгіні бұдан былай бұрын Жогорку Кенеш депутаты болған Жанар Акаевқа сеніп тапсырылды. Ал Оштың бұрынғы мэрі Женишбек Токторбаев өз еркімен қызметінен кеткен.

Саяси ортада бұл шешімдер елдегі соңғы отставкалармен байланыстырылып отыр. Женишбек Токторбаев – жуырда қызметінен босатылған Камчыбек Ташиевтің сыныптасы екені белгілі. 10 ақпанда Ташиев Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасы қызметінен босатылған еді. Ресми түрде бұл кадрлық шешімдердің өзара байланысы жоқ екені айтылғанымен, сарапшылар сәйкестікті кездейсоқ деп бағаламайды.

Қызметінен босатылғанын білген Ташиев Германияда емделіп жүрген жерінен Қырғызстанға шұғыл оралған. Елде бірнеше күн болған соң, Испанияға немесе Түркияға қайта ұшып кеткені хабарланды. Осы уақыт аралығында ол бірде-бір жария мәлімдеме жасап, сұхбат берген жоқ.

Осы кезеңде республикада мемлекеттік құрылымдарда ауқымды кадрлық «тазалау» басталғаны айтылуда. БАҚ беттерінде ҰҚК мен Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің өзара ұсталу фактілері туралы ақпарат тарады. Алайда құзырлы орган өкілдері ведомстволар арасында ешқандай текетірес жоқ екенін мәлімдеді.

Сарапшылардың пікірінше, ең елеулі өзгерістердің қатарында Нурланбек Тургунбек уулу – Жогорку Кенеш төрағасының және Эльдар Жакыпбеков – Бішкек қалалық ҰҚК басқармасы басшысының қызметтен кетуі бар. Сонымен бірге ҰҚК төрағасының барлық орынбасарлары ауыстырылып, Ташиевке жақын бірқатар министрлер мен Бас прокуратура қызметкерлері де лауазымынан босатылған.

Камчыбек Ташиевтің отставкасы ел ішінде солтүстік пен оңтүстік арасындағы ықтимал саяси теңгерім мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Дегенмен Садыр Жапаров соңғы сұхбаттарының бірінде аймақтық бөлінуге жол бермейтінін, мемлекеттік саясат географиялық қарсы қоюға емес, ұлттық бірлікке негізделуі тиіс екенін ашық айтты.

Сарапшылар президент командасында оңтүстік облыстардан шыққан ықпалды тұлғалар әлі де бар екенін атап өтеді. Олар Үкіметте, Президент әкімшілігінде және Парламентте қызмет атқарады. Сонымен қатар қырғызстандық «24.kg» басылымының талдауынша, мемлекеттік басқару жүйесі біртіндеп «география логикасынан» кәсібилік пен құзыреттілік қағидатына көшіп келеді.

Бұған дейін Садыр Жапаров Ош қаласының елдегі маңызы ерекше екенін атап өткен болатын. Елдің екінші ірі қаласы ретінде Ош мемлекеттің стратегиялық дамуы тұрғысынан айрықша рөл атқарады. Сондықтан бұл қаладағы кадрлық шешімдер тек жергілікті деңгейдегі өзгеріс емес, тұтас елдің саяси-әкімшілік архитектурасына әсер ететін маңызды қадам ретінде бағалануда.