Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

25

Munarmedia.kz 19.02.2026 /Астана/ Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады.

Ведомство өкілдері әзірге шенеунікке нақты қандай айып тағылып отырғанын жария еткен жоқ. Тергеу құпиялығы талаптарына сәйкес, іс бойынша өзге мәліметтер таратылмауда.

Әлеуметтік желілерде 13 ақпан күні аталған лауазымды тұлғаның ұсталғаны жөнінде ақпарат тараған еді. Алайда сол уақытта өңір әкімдігі Жақсылық Омардың денсаулығына байланысты еңбек демалысында екенін мәлімдеген болатын. Кейінірек ресми органдар тарапынан қосымша түсініктеме берілген жоқ.

Жақсылық Омар 2025 жылдың сәуір айынан бері Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарып келеді. Бұған дейін ол облыс әкімінің кеңесшісі және Өскемен қаласының әкімі лауазымдарында жұмыс істеген.

Қазіргі таңда іс бойынша тергеу жалғасуда. Құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, заң аясында шешім қабылданатынын мәлімдеуде.