Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы үшінші қабаттың терезесінен құлап кеткен.

18


Munarmedia.kz 19.02.2026 /Астана/ Петропавл қаласында оқыс оқиға тіркелді. 17 ақпан күні сабақтан тыс уақытта Назарбаев зияткерлік мектебінің  математика бағытындағы  ғимаратында 2008 жылы туған жоғары сынып оқушысы үшінші қабаттың терезесінен құлап кеткен.

Жасөспірім жедел түрде көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің мәліметінше, ол қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр болғанымен, тұрақты, есін біледі.

Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен оқушыға ІІ бел омыртқасының денесінің ІІІ дәрежелі жабық компрессиялық сынуы және екі өкше сүйегінің ығысусыз жабық сынуы диагнозы қойылғанын хабарлады. Қазіргі таңда оған қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде.

Мектеп әкімшілігі оқиға фактісін растады. Қазір болған жағдайдың себептері мен мән-жайы анықталуда, тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұл жағдай білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шараларын күшейту, оқушылардың психологиялық ахуалына назар аудару мәселесін тағы бір мәрте күн тәртібіне шығарды. Мамандар жасөспірімдердің қауіпсіздігі – қоғам мен білім беру мекемелерінің ортақ жауапкершілігі екенін атап өтуде.