Munarmedia.kz 19.02.2026 /Астана/ Сайрам ауданы аумағында 20 жастағы жігітті 25–30 адамнан құралған топ аяусыз соққыға жыққан. Жақындарының айтуынша, жас жігіт есінен танып қалғанына қарамастан, оны бас тұсынан тепкілеу жалғасқан. Кейін белгісіздер оны елсіз жерге апарып тастап кеткен. Туыстары жапа шеккен азаматты екі сағаттан кейін ғана тауып алған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жанжал күндіз көкпар барысында басталған. Кешке қарай жігітті «сөйлесуге» мектеп маңына шақырған. Алайда ол жерге барған кезде оны бір топ адам күтіп тұрған. Соның салдарынан ауыр жарақат алған азамат шамамен бір апта жансақтау бөлімінде жатқан. Қазіргі уақытта палатаға ауыстырылғанымен, толыққанды сөйлеп, нақты жауап беруге әлі қауқарсыз. Онымен бірге болған екі досы да түрлі дене жарақатын алғаны белгілі болды.
Ата-анасының айтуынша, шабуыл жасағандардың қолында пышақ, тапанша және кастет болуы мүмкін. Олар баласының қауіпсіздігіне алаңдап, оқиғаға қатысы бар азаматтардың ешқайсысы қамауда отырмағанына наразылық білдіруде.
Түркістан облысының полиция департаменті аталған дерек бойынша топтық төбелес фактісімен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Құқық қорғау органдары екі күдіктінің ұсталғанын, алайда кейін олар үйқамаққа жіберілгенін мәлімдеді. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Бұл жағдай өңірдегі жастар қауіпсіздігі, бұқаралық спорт шараларын ұйымдастыру мәдениеті және құқықтық жауапкершілік мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды. Қоғам белсенділері әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілер заң алдында тиісті жазасын алуы тиіс екенін алға тартуда.