АСТАНА. 08.05.2026. Munarmedia.kz — Енді жүйе күн сайын мыңдаған хабарландыруды автоматты түрде тексеріп, сараптамадан өткізеді.
Бұл туралы Өзбек республикалық тауар-шикізат биржасы құрамындағы xarid.uzex.uz электронды мемлекеттік сатып алу платформасына сілтеме жасап хабарланды.
Мәліметке сәйкес, жасанды интеллект технологиялары кәсіпкерлер электронды және ұлттық дүкендерге орналастыратын хабарландыруларды модерациялау және бағалау процесінде қолданылады. Бұған дейін бұл жұмыстардың басым бөлігі адам қатысуымен жүргізілсе, енді жүйе хабарландыруларды өздігінен талдап, талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексереді.
Платформа дерегінше, жасанды интеллект күн сайын орта есеппен 6–7 мың хабарландыруды өңдейді. Бұл мемлекеттік сатып алу рәсімдеріндегі адам факторын азайтып, процестің ашықтығы мен жеделдігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар жүйеде жиһаз өнімдерінің 200-ден астам түріне арналған бірыңғай және бірегей техникалық сипаттамалар әзірленген. Соның арқасында мұндай тауарларға қатысты хабарландырулар қосымша модерациядан өтпей-ақ тікелей сауда алаңына шығарылатын болды.
Өзбекстан билігі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару саласына енгізу арқылы бюрократиялық кедергілерді азайтып, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруды көздеп отыр.
#Өзбекстан #ЖасандыИнтеллект #МемлекеттікСатыпАлу #Цифрландыру #Технология #AI #MunarmediaKz