Өзбекстан билігі Кеңес Одағы кезінде жазықсыз сотталған 161 адамды ақтады

85

АСТАНА. 08.05.2026. Munarmedia.kz — Өзбекстан Жоғарғы соты кеңестік билікке қарсы қозғалыстарға қатысқаны үшін 1920–1934 жылдары қылмыстық жауапкершілікке тартылған 161 азаматты ақтау туралы шешім шығарды.

Өзбекстан Жоғарғы соты мәліметінше, бұл шешім саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімін қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында қабылданған. Бағдарлама ел президентінің тапсырмасы негізінде жүзеге асырылып жатыр.

Сот процесі барысында Түркістан майданының Революциялық әскери кеңесі мен НКВД-ның «үштіктері» шығарған үкімдер қайта қаралған. Ресми мәліметке сәйкес, соңғы жылдары Өзбекстан Жоғарғы сотының шешімімен кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандары деп танылған жалпы саны 1236 адам ақталған.

Өзбекстан билігі мұндай қадамды тарихи әділдікті қалпына келтіру және жазықсыз қуғындалған азаматтардың есімін жаңғырту шарасы ретінде бағалап отыр. Соңғы жылдары елде сталиндік репрессия құрбандарын зерттеу және олардың мұрасын қайта қарау бағытындағы жұмыстар күшейген.

Сонымен қатар бұл мәселе қоғамда түрлі пікірталас туғызуда. Саясаттанушы Никита Мендкович кейбір ақтау шешімдері қайта қаралуы тиіс деген пікір білдірді. Оның айтуынша, ол Өзбекстандағы «Милли Иттихад», Қазақстандағы Алаш қозғалысы және Қырғызстандағы «Социал-Тұран партиясы» бойынша архив материалдарын зерттеген.

Сарапшының сөзінше, 1930-жылдардағы кейбір істердің негізінде жемқорлық, қарақшылық, адам өлтіру, қарулы шабуыл және террорға шақыру секілді нақты қылмыстар болған. Сондай-ақ кейінгі кезеңдерде нацистік Адольф Гитлер Германиясымен байланыс орнату фактілері де кездескенін алға тартты.

Никита Мендкович қазіргі таңда Орталық Азияда тарихи оқиғаларды қайта бағалауға және балама көзқарас қалыптастыруға ұмтылатын күштер бар екенін айтты. Оның пікірінше, мұндай үрдіс кей жағдайда қоғамда «құрбан ұлт» психологиясын қалыптастыруы мүмкін.

#Өзбекстан #СаясиҚуғынСүргін #Тарих #ОрталықАзия #Алаш #КеңесОдағы #MunarmediaKz