Чехияның Үкімет басы Қазақстанға қатысты СІМ үсынысы жайлы айтты

108

АСТАНА. 08.05.2026. Munarmedia.kz — Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш Қазақстанға қатысты Чехия Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы жайлы мәлімдеме жасады.

Ол TV Nova эфирінде сөйлеген сөзінде Чехия СІМ-і Қазақстанға Ресей және Қытаймен қарым-қатынасты шектеу жөнінде қысым көрсетуге шақырғанын айтты.

«Маған Сыртқы істер министрлігі дайындаған жазбаны ұсынды. Онда Қазақстанды Ресей және Қытаймен байланыстарын азайтуға шақыруым керек деп жазылған», — деді Андрей Бабиш.

Чехия үкіметінің басшысы мұндай ұсынысқа таң қалғанын жеткізді. Оның пікірінше, бұл бастама Чехияның бұрынғы сыртқы істер министрі Ян Липавский тарапынан шығуы мүмкін. Бабиш экс-министрдің басқа елдерге ақыл айтуға тырысқан әрекеттерін сынға алды.

Премьер-министр бұл оқиғаны Чехия мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстардың әлсіреуі туралы әңгіме барысында еске алған. Оның айтуынша, Прага мен Бейжің арасындағы қарым-қатынастың нашарлауы Чехия экономикасына да әсер еткен.

Айта кетейік, Андрей Бабиштің бұл мәлімдемесі оның Астанаға жасаған ресми сапарынан кейін жарияланып отыр. 28–29 сәуір күндері өткен сапар барысында тараптар экономикалық ынтымақтастық, инвестиция және энергетикалық ресурстарды жеткізу мәселелерін талқылаған.

Сапар аясында Чехия премьері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Премьер-министр Олжас Бектеновмен кездескен. Кездесулерде екіжақты сауда-экономикалық байланысты кеңейту мәселесіне басымдық берілгені хабарланған.

#Чехия #АндрейБабиш #Қазақстан #Ресей #Қытай #Саясат #Астана #MunarmediaKz