АСТАНА. 08.05.2026. Munarmedia.kz — Дубай халықаралық қаржы орталығының соты қазақстандық кәсіпкерлер Тимур Қуанышев пен Евгений Шленскийге қатысты іс бойынша ресейлік ВТБ банкінің талабын қанағаттандырып, оларға ірі көлемде айыппұл салды.
Шетелдік БАҚ мәліметінше, кәсіпкерлер ресейлік «Печоранефтегаз» компаниясының 7,2 млрд рубль көлеміндегі несиесіне кепіл болған. Кейін қаржы дауы барысында құжаттарды қолдан жасау фактілері анықталған.
Dubai International Financial Centre сотының шешімінде жауапкерлердің сот талабына қарамастан өз активтері туралы толық ақпарат ұсынбағаны айтылған. Судья мұны сотқа құрметсіздік көрсету деп бағалаған.
Сонымен қатар кәсіпкерлерге First Abu Dhabi Bank атынан жалған хаттар дайындау және 48 миллион доллар аударылғаны туралы жалған SWIFT-хабарламасын ұсыну айыбы тағылған.
Сот шешімімен ресейлік ВТБ банкі талап-арызы толық қанағаттандырылды. Тимур Қуанышев, Евгений Шленский, олардың жұбайлары және Шленскийге тиесілі нидерландтық «Shev Energy» компаниясы 150 мыңнан 250 мың долларға дейін айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұдан бөлек, активтер туралы ақпарат толық ашылғанға дейін әр күн үшін қосымша 10 мың доллар өсімпұл есептеледі. Жалпы өндірілетін сома 950 мың доллардан асқан.
Сот барысында тағы бір ерекше жайт анықталған. Судья жауапкерлердің процессуалдық құжаттарды әзірлеу кезінде жасанды интеллект технологияларын пайдаланғанын атап өтті. Нәтижесінде құжаттарда шын мәнінде жоқ сот прецеденттеріне сілтемелер көрсетілгені белгілі болған. Сот мұны нейрожелілердің «галлюцинациясы» деп сипаттады.
Сондай-ақ ВТБ банкі қаржылық санкциялармен шектелмей, жауапкерлерді қамауға алу және олардан қосымша жауап алу туралы талап қойған. Алайда Dubai International Financial Centre сотының мұндай өкілеттігі болмағандықтан, іс материалдары Дубайдың бас прокурорына жолданған. Енді прокуратура өкілдері кәсіпкерлерді қамауға алу мәселесін қарауы мүмкін.
#Дубай #ВТБ #Қазақстан #Бизнес #Сот #DIFC #ЖасандыИнтеллект #MunarmediaKz