Өзбекстанда педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын енгізу мақұлданды.

32

Munarmedia.kz 20.02.2026 /Astana/ Өзбекстанда педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын енгізу мақұлданды. Тиісті бастамалар Шавкат Мирзиёевке «Өзбекстан–2030» стратегиясы аясындағы басым реформалар жобалары мен 2026 жылға арналған мемлекеттік бағдарлама таныстырылған кезде ұсынылды.

Мемлекет басшысы әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды, сондай-ақ педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын енгізуді қолдады.

2025 жылғы қазанда Өзбекстан Олий Мажлисі төменгі палатасының депутаты Дилноза Азизова балаларға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын енгізуді ұсынған болатын. Оның мәлімдемесіне Наманган облысында 38 жастағы ер адамның жеті жастағы туысын зорлаған оқиға түрткі болған.

Аймақтағы жағдайға келсек, Қазақстанда педофилдерді бостандыққа шығаруға алты ай қалғанда химиялық кастрациялау тәжірибесі қолданылады. Сондай-ақ оларға өмір бойы әкімшілік бақылау енгізу мәселесі қарастырылған.

Қырғызстанда балалар мен әйелдерге қарсы ауыр қылмыстар үшін өлім жазасын қайта енгізу туралы ұсыныстар айтылған.