Munarmedia.kz 15.01.2026 /Астана/ – Өзбекстанда осыдан 8 жыл бұрын қабылданған Қорғаныс доктринасы және 1997 жылы бекітілген Ұлттық қауіпсіздік тұжырымдамасы қайта қаралады. Бұл туралы ел президенті Шавкат Мирзиёев Қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген отырысы барысында мәлімдеді.
Мемлекет басшысы өңірлік және жаһандық ахуалдың жылдам өзгеруін ескере отырып, елдің әскери қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, қорғаныс саласында қауіп-қатерлер мен тәуекелдердің алдын алуға бағытталған жүйелі әрі проактивті тәсілге көшу маңызды.
Президенттің сөзінше, Қарулы күштерді жаңғырту олардың мобильдігін арттыруға, технологиялық деңгейін көтеруге және басқару тиімділігін күшейтуге негізделуі тиіс. Сонымен қатар цифрлық шешімдер мен заманауи технологияларды кеңінен қолдану басты бағыттардың бірі болмақ.
Қорғаныс өнеркәсібін дамытуда Шавкат Мирзиёев оның технологиялық деңгейі мен тұрақтылығын арттыруды, цифрлық шешімдерді және жасанды интеллект элементтерін енгізуді негізгі басымдықтар ретінде атады.
Президенттің айтуынша, жаңа Қорғаныс доктринасы армияны технологиялық тұрғыда жаңғыртудың негізіне айналуы тиіс. Алайда бұл ретте Өзбекстанның ешбір әскери блокқа қосылмау мәртебесі сақталуы қажет.