Трамп Иранмен бизнес жүргізетін елдерге 25 пайыздық баж салығын енгізетінін мәлімдеді

46

Munarmedia.kz 15.01.2026 /Астана/ – АҚШ  Президенті Дональд Трамп Иранмен бизнес жүргізетін елдерге 25 пайыздық баж салығын енгізу туралы мәлімдеді. Әзірге бұл шешімнің нақты тетіктері толық айқын емес. Дегенмен Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігінде белгілі бір алаңдаушылық бар – ведомство түрлі сценарийлерді шұғыл түрде бағалауға кіріскен.

Алаңдауға негіз де жоқ емес. 2025 жылдың алғашқы үш айында Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 128,9 млн АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 81,8 пайызға артқан. Бұл – нақты келісімшарттар, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен логистикалық тізбектер. Олардың әрқайсысына миллиондаған инвестиция салынған.

Осы жағдайда Қазақстан, іс жүзінде, екі түрлі шындықтың ортасында қалып отыр. Бір жағынан, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі ретінде Иранмен еркін сауда туралы келісімге қол қойған. Бұл келісім заңды күшіне ие және ЕАЭО аясында ынтымақтастық ресми түрде дамытылып келеді. Екінші жағынан, Трамптың біржақты шешімі бұл ынтымақтастықты заңсыз деп тануы мүмкін.

Яғни кеше ғана бизнес жоспарлар ЕАЭО аясындағы тұрақты және болжамды ережелерге сүйене отырып құрылған болса, бүгін кәсіпкерлер есеп-қисапқа кез келген сәтте Вашингтон Қазақстан мен Иран арасындағы серіктестікті «дос емес әрекет» деп танып, жаза сипатындағы баж салығын енгізуі мүмкін деген тәуекелді қосуға мәжбүр. Мұндай жағдайда рентабельділік толықтай жойылуы ықтимал.

АҚШ санкциялары өзге елдердің егемендігіне тікелей нұқсан келтіреді. Ашық түрде: «сіздердің қандай да бір елдермен жасасқан келісімдеріңіз, егер олар АҚШ саясатына қайшы келсе, еш маңызға ие емес» деген белгі беріліп отыр. Бұл жағдайда Қазақстанның көпвекторлы саясаты да аса тиімді құрал бола алмай қалуы мүмкін.

Алдағы уақытта жағдайдың қалай өрбитінін әзірге ешкім нақты болжай алмайды. Бәлкім, мұны Трамптың өзі де білмейтін шығар – оның ұстанымы жиі өзгеретіні белгілі. Дегенмен экспорт пен импорт тұрғысынан алғанда, жағдайдың күрделене түскені анық.