Munarmedia.kz 11.02.2026 ж. /Астана/-Панаманың Жоғарғы соты гонконгтық Hutchison компаниясымен жасалған келісімдерді жойып, Панама каналындағы екі портты басқару құқығын қайтарып алды.
Әңгіме Панама билігі мен Hutchison-ның еншілес кәсіпорны Panama Ports арасында жасалған Бальбоа және Кристобаль порттарын басқару жөніндегі келісімдер туралы болып отыр. Бұл порттар тиісінше каналдың Тынық мұхиты және Атлант мұхиты жағында орналасқан.
Айта кетейік, гонконгтық компания Панамадағы порт инфрақұрылымын дамыту жұмыстарымен 1997 жылдан бері айналысып келген.
Panama Ports өкілдері сот шешімі компания елде 30 жылға жуық жұмыс істеген құқықтық негіздерге қайшы келеді деп санайды.
Сонымен бірге Панама Жоғарғы сотының үкімі шағымдануға жатпайды. Алайда компания келісімдерді тоқтату мерзімін кейінге шегеру мақсатында ресми түсіндірме сұратуға құқылы.
Сарапшылар бұл шешімнің геосаяси астары болуы мүмкін екенін атап өтеді. АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп 2025 жылдың басында, екінші президенттік мерзімі басталған кезде, Панама каналындағы Қытай ықпалын азайту қажеттігін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, бұл инфрақұрылым АҚШ қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін.
2025 жылдың көктемінде Hutchison Ports компаниясының акцияларының 80 пайызын, соның ішінде Panama Ports-тағы 90 пайыз үлесін сату жоспарланған еді.
Аукционға Панама каналындағы екі порттан бөлек, Еуропадағы нысандар — Ұлыбританиядағы Thamesport және Роттердам порты шығарылуы мүмкін болған.
Бұл мәмілені Вашингтон қолдағанымен, Қытай билігі оған кедергі келтіріп, келісімге мемлекеттік Cosco компаниясын қосуды талап еткен.