Алматыда қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым салынады

21

Munarmedia.kz 11.02.2026 ж. /Астана/-Алматы қаласында 2026 жылғы 30 желтоқсаннан бастап қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым енгізіледі. Бұл туралы қалалық Экология және қоршаған орта басқармасы хабарлады.

Бұл норма 2025 жылғы 30 желтоқсанда мәслихат шешімімен бекітілген атмосфералық ауаны қорғау қағидаларының 52-тармағында көзделген. Аталған талап тек газдандырылған аудандарға қатысты қолданылады.

Құжатқа сәйкес, газбен жабдықтауға қолжетімділік болған жағдайда:

  • жеке тұрғын үйлерде;

  • моншаларда;

  • көпқабатты үйлерді жылытуға арналған жеке қазандықтарда

қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым салынады.

Ерекше жағдайлар тек төтенше жағдай кезінде, жылу және энергиямен жабдықтаудың резервтік көздерін пайдалануға рұқсат берілген жағдайда ғана қарастырылған.

Басқарма мәліметінше, жаңа талаптар жылыту қазандықтарын пайдаланатын кәсіпкерлік субъектілеріне де қолданылады.

Сонымен қатар қағидаларға сәйкес, атмосфераға зиянды заттар шығаратын барлық көздер міндетті түрде ластаушы заттарды тазарту қондырғыларымен жабдықталуы тиіс.