Munarmedia.kz | 19.07.2026 | ASTANA Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Ақмола облысындағы бірегей табиғи нысан – Көбейтұз көлі ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие болады.
Осы мақсатта «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы кеңейтіліп, оның құрамына Көбейтұз көлінің акваториясы енгізіледі. Бұл көлдің бірегей экожүйесін сақтауға және табиғи тепе-теңдігін қорғауға мүмкіндік береді.
Елордадан шамамен 160 шақырым жерде орналасқан Көбейтұз көлі суының ерекше қызғылт түсімен танымал. Соңғы жылдары табиғи нысанға келушілер саны айтарлықтай артқан. Осыған байланысты Ақмола облысының әкімдігі көлге ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін беру жұмыстарымен қатар, жағалау инфрақұрылымын дамытуды қолға алады.
Жоба аясында бақылау алаңы мен автотұрақ салынып, келушілердің табиғи құбылысты қауіпсіз тамашалап, суретке түсіруіне қолайлы жағдай жасалады. Сонымен бірге барлық жұмыстар көлдің нәзік экожүйесіне зиян келтірмеу қағидаты негізінде жүзеге асырылады.
Мамандардың айтуынша, Көбейтұз бүгінде Ақмола облысының басты табиғи символдарының біріне айналған. Сондықтан туристік әлеуетті дамыту мен табиғи ортаны сақтаудың тепе-теңдігін қамтамасыз ету негізгі міндеттердің бірі саналады.
Табиғатты қорғау шаралары Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасының мақсаттарына толық сәйкес келеді. Бірегей табиғи нысандарды сақтау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін кеңейту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру – мемлекеттік экологиялық саясаттың басым бағыттарының бірі.
Бұған дейін Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Көбейтұз көлінің суына гидрохимиялық зерттеу жүргізген болатын. Сараптама қорытындысы бойынша аммонийлі азот, аммиак, хлоридтер, мышьяк, сульфаттар және өзге де бірқатар заттардың мөлшері шекті рұқсат етілген концентрациядан жоғары екені анықталды. Осыған байланысты көлде шомылуға және жағалаудан тұз жинауға қатаң тыйым салынған.
Сондай-ақ абаттандыру жұмыстары жүргізілетін кезеңде Көбейтұз көліне кіру уақытша шектеледі. Жағалау сызығына жақындауға және белгіленген шектеу аймағына өтуге рұқсат берілмейді. Көлге кіреберістерде тәулік бойы бақылау бекеттері жұмыс істеп, аумақты полиция қызметкерлері мен уәкілетті мемлекеттік органдар бірлесіп күзетеді.
Ақмола облысының әкімдігі өңір тұрғындары мен қонақтарын белгіленген талаптарды қатаң сақтауға, табиғатты қорғау заңнамасын орындауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырды.
#MunarMedia #ASTANA #Көбейтұз #АқмолаОблысы #ТазаҚазақстан #Экология #ЕҚТА #Бұйратау #Туризм #ҚасымЖомартТоқаев