Munarmedia.kz
20.07.2026.
АСТАНА. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қара теңізде қазақстандық мұнайды тасымалдаған танкерлерге жасалған ұшқышсыз ұшу аппараттарының (ҰҰА) шабуылдарын қатаң айыптап, мұндай әрекеттерді еліміздің экономикалық мүдделеріне қарсы бағытталған қол сұғушылық деп бағалады.
СІМ мәліметінше, шабуылдар Каспий құбыр консорциумы (КҚК) инфрақұрылымы арқылы мұнай тасымалдауға қатысқан екі танкерге жасалған. Олар – Либерия туы астындағы «Азия» және Маршалл аралдарының туымен жүзетін «Ниссос Иос» танкерлері.
Ведомствоның мәлімдеуінше, мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделеріне нұқсан келтіріп қана қоймай, заңды халықаралық саудаға, жаһандық энергетикалық нарықтардың тұрақтылығына және халықаралық көлік-логистикалық жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
Сондай-ақ министрлік азаматтық кемелердің КҚК терминалдарына мұнай тиеу үшін қозғалысы туралы ақпарат алмасудың алдын ала келісілген тетігінің ескерілмегеніне ерекше алаңдаушылық білдірді. Бұл жағдай кеме экипаждарының өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіргені атап өтілді.
Қазіргі уақытта Қазақстан келтірілген залал көлемін бағалап жатыр. Тексеру нәтижесіне қарай республика өз ұлттық мүдделерін қорғаудың барлық құқықтық тетіктерін, оның ішінде келтірілген шығынды өтеуді талап ету мүмкіндігін қарастыратынын мәлімдеді.
Каспий құбыр консорциумының мәліметінше, бұл – соңғы бір жарым апта ішінде америкалық мұнай компанияларының мүддесіне қызмет көрсететін шетелдік танкерлерге жасалған үшінші нысаналы шабуыл. КҚК Қазақстан мұнай экспортының 80 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Консорциум арқылы Chevron, ExxonMobil және Shell компанияларының мұнайы да тасымалданады.
Осы оқиғаға байланысты бірқатар сарапшылар пікір білдірді. «Русская Евразия» телеграм-арнасының авторлары Қазақстан мұнай экспортына жасалған кезекті шабуыл сыртқы қауіпсіздік кепілдіктеріне сүйенудің тәуекелдерін көрсеткенін алға тартты. Олардың пікірінше, ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық мүдделерді қорғау ең алдымен мемлекеттің өз мүмкіндіктерін дамытуға, өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға және өзара сенімге негізделген серіктестікке сүйенуі тиіс.
Ал саясаттанушы Қазбек Бейсебаев Қазақстан СІМ-нің мәлімдемесі қатаң сипатта болғанымен, шабуылды ұйымдастырған тарап нақты көрсетілмегеніне назар аударды. Оның айтуынша, ресми мәлімдемеде ұшқышсыз аппараттардың қай мемлекетке тиесілі екені туралы ақпарат берілмеген.
Сонымен қатар бірқатар еуропалық және украиналық бұқаралық ақпарат құралдары Қара теңіздегі танкерлерге шабуыл жасаған ұшқышсыз ұшу аппараттарының Украинаға тиесілі екенін хабарлап отыр.
#MunarMedia #Астана #Қазақстан #СІМ #ҚараТеңіз #Мұнай #КҚК #Энергетика #Экспорт