Ресейдегі Wildberries қоймаларына жасалған дрон шабуылынан Қырғызстан азаматтары зардап шекті

86

Munarmedia.kz 20.07.2026. АСТАНА. Ресей аумағындағы Wildberries маркетплейсінің екі ірі логистикалық орталығына жасалған ұшқышсыз ұшу аппараттарының (ҰҰА) шабуылынан Қырғызстан азаматтары зардап шекті.

Қырғызстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 18 шілдеге қараған түні Ресейдің Тамбов облысындағы Котовск қаласы мен Мәскеу облысының Электросталь қаласында орналасқан Wildberries қоймаларына дрондармен шабуыл жасалған.

Алдын ала ақпарат бойынша, Котовск қаласындағы шабуыл салдарынан түнгі ауысымда жұмыс істеген жеті қызметкер қаза тауып, тағы 24 адам жарақат алған. Ал Электростальдағы қоймаға жасалған шабуылдан бір адам көз жұмып, 50-ден астам адам түрлі деңгейдегі жарақат алған.

Қырғызстан СІМ-нің хабарлауынша, Электростальдағы оқиға кезінде Қырғызстанның бір азаматы жеңіл жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Сонымен қатар тағы екі қырғызстандық қауіпсіз жерге эвакуацияланғанымен, оқиға барысында жеке құжаттарынан айырылғаны белгілі болды.

Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, қоймаларға жасалған шабуыл кезінде зақымдау элементтерімен жабдықталған ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылған.

BBC медиакорпорациясының қырғыз қызметі аталған қоймаларда Орталық Азия мемлекеттерінен келген еңбек мигранттарының көп жұмыс істейтінін атап өтті. Әзірге Өзбекстан мен Тәжікстан билігі өз азаматтарының зардап шегуіне қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Оқиғаға байланысты Қырғызстандағы бірқатар сарапшылар ресми Бішкектің ұстанымына назар аударуда. Атап айтқанда, «Кыргызский форпост» басылымы биліктің әрекеті консулдық көмек көрсетумен және жағдайды бақылауда ұстаумен ғана шектелгенін жазды. Басылымның пікірінше, әзірге Украина тарапының іс-әрекеттеріне қатысты саяси деңгейдегі ресми баға немесе наразылық мәлімдемесі жарияланған жоқ.

#MunarMedia #Астана #Қырғызстан #Ресей #Wildberries #ҰҰА #ЕңбекМигранттары #Қауіпсіздік #ОрталықАзия