Munarmedia.kz | 15.06.2025 /Астана/-Германияның Федералдық барлау қызметінің (BND) басшысы Бруно Кальдің мәлімдеуінше, Ресей Федерациясы 2014 жылы Қырымды аннексиялаған кезде қолданған әдісті – яғни «орыс тілді азаматтарды қорғау» деген желеуді – Балтық жағалауы елдеріне қарсы арандатушылық үшін де пайдалануы мүмкін.
Оның айтуынша, Ресей Балтық елдеріне қарсы ауқымды әскери шабуыл жасап, танктер мен әуе соққыларын қолданбай-ақ, «жасыл адамдар» деп аталатын белгісіз нышандағы қарулы құрылымдарды жіберуі әбден мүмкін. Бұл арқылы Мәскеу аймақтағы орыс тілді азшылықты «қорғау» операциясын жүргізген кейіп танытады.
Бруно Кальдің сөзіне қарағанда, Ресей президенті Владимир Путин бұл әрекетімен НАТО-ның өз мүшелерін қорғауға деген нақты қабілетін сынап көруді көздеуі ықтимал.
«Украина – Ресей мен НАТО арасындағы қақтығыстың аралық кезеңі ғана. Біз Ресейдің Украина арқылы Батысқа бағытталған іс-әрекетке бармақ болғанына толық сенімдіміз. Бұған қатысты нақты барлау деректеріміз бар», – деді Каль.
Сонымен қатар, ол Ресей элитасының кейбір топтары НАТО-ның қандай да бір мүшесіне шабуыл жасалған жағдайда Альянс 5-бапты (ұжымдық қорғаныс қағидасын) жүзеге асырады дегенге сенбейтінін атап өтті.
«Олар 5-бап іске қосылады деп ойламайды. Олар мұны тексеріп көргісі келеді. Олардың мақсаты – НАТО-ны 1990 жылдардың соңындағы әлсіз күйіне қайтару. Олар АҚШ-ты Еуропадан ығыстырғысы келеді, және бұл мақсатқа жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды», – деді BND басшысы.
Оның айтуынша, Ресей президенті Владимир Путин осы бағыттағы өз агрессивті саясатын өзгерткен жоқ, сондықтан қазіргі жағдайда Мәскеумен келіссөз жүргізу мағынасыз.