Munarmedia.kz 11.02.2026 ж. /Астана/-Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің енді бұрынғы төрағасы Қамчыбек Ташиевтің қызметінен кетуі елдегі ең көп талқыланған жаңалықтардың біріне айналды. Осы уақытқа дейін Жапаров пен Ташиевтің саяси тандемі түрлі қауесеттерге қарамастан берік әрі тұрақты саналып келген еді.
Соңғы жылдары олардың одағы билік жүйесінің негізгі тіректерінің бірі ретінде қабылданды. Екі саясаткер арасындағы ықтимал келіспеушіліктер туралы әңгімелер ресми деңгейде үнемі жоққа шығарылып отырған. Көпжылдық достықтары мен түрмеде бірге отырған кезеңі де олардың өзара сенімінің берік екенінің дәлелі ретінде айтылатын.
Алайда бұл кадрлық шешім ел ішіндегі саяси үдерістер мен басқару жүйесіндегі ықтимал өзгерістер туралы пікірталастарды қайта жандандырды.
Ташиевтің отставкасынан кейін БАҚ-та оның үш орынбасары — Даниэль Рысалиев, Курванбек Авазов және Элизар Сманов та қызметтерінен босатылғаны туралы ақпарат тарады.
ҰҚМК төрағасының міндетін уақытша атқарушы болып 2020 жылы комитеттің 9-қызметін басқарған Жұмгалбек Шабданбеков тағайындалды.
Ал оның бірінші орынбасары болып бір күн бұрын Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметін атқарған Рустам Мамасыдыков тағайындалды.
Сонымен қатар Ташиевке жақын Region телеарнасы экс-төрағаның жүрек сырқатына байланысты Германияға емделуге ұшып кеткенін хабарлады.
Телеарнаның бас директоры Өткүрбек Рахмановтың айтуынша, бұрынғы күштік құрылым басшысы өзінің қызметтен босатылғанын тиісті жарлық жарияланғаннан кейін ғана білген.
Қырғыз Республикасы президентінің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов Facebook әлеуметтік желісінде мемлекет басшысы бұл шешімді «қоғам ішінде, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасында жікке бөлінуге жол бермеу және керісінше бірлікті нығайту» мақсатында қабылдағанын жазды.
Алайда шамамен бір сағаттан кейін ол «жікке бөлінуге жол бермеу» туралы мәлімдеме Ташиевтің өзіне қатысты емес екенін нақтылады.
Оның айтуынша, кейбір адамдар Ташиевтің атын жамылып, депутаттардан бастап қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдеріне дейін хабарласып, түрлі әрекеттерге итермелеген.
Кейін белгілі болғандай, президент шешімімен Қырғызстанның Шекара қызметі ҰҚМК құрамынан шығарылды. Бұл құрылымның басшысы болып бұрынғыдай Абдикарим Алимбаев қалды.
Сонымен қатар жоғары лауазымды тұлғалар мен маңызды нысандарды күзету қызметі бөлек органға айналдырылып, ол тікелей мемлекет басшысына бағынатын болады. Бұл құрылым ҰҚМК-ның 9-қызметі базасында құрылады.
Жогорку Кенештің бұрынғы депутаты Исхак Масалиев Asia-Today басылымына берген сұхбатында Ташиевтің отставкасын «күтілген жағдай» деп бағалады. Оның пікірінше, бұл шешім Қырғызстандағы саяси ахуалға елеулі әсер етуі мүмкін.
Ол Ташиевтің үлкен командасы мен қолдаушылары бар екенін, әсіресе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы жұмысы қоғамда оң пікір қалыптастырғанын атап өтті.
Ал Уақытша үкіметтің бұрынғы мүшесі әрі экс-бас прокурор Азимбек Бекназаров президенттің шешімін қолдады. Оның айтуынша, кадрлық өзгерістерге байланысты мемлекет басшысын кінәлауға болмайды және мұндай жағдай саясатта жиі кездеседі.
Өз кезегінде саясаттанушы Марс Сариев толық көріністі бағалау үшін бірнеше күн күту қажет екенін айтты. Сарапшы екі басшы арасында жанжал болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды, бірақ нақты қорытынды жасауға әлі ерте екенін атап өтті.