Munarmedia.kz.08.11.2026.ASTANA-Қазақстан 2027 жылы Баку – Тбилиси – Жейхан (БТЖ) мұнай құбыры жүйесі арқылы 2,2 миллион тонна мұнай экспорттауды жоспарлап отыр. Алайда бұл бастама әзірге Әзербайжан тарапының ұстанымына байланысты.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, Әзербайжан тарапы қазақстандық мұнайдың сапасы өз мұнай қоспасының құрамына қалай әсер ететініне алаңдаулы.
«Біз 2027 жылы экспорт көлемін 2,2 миллион тоннаға жеткізгіміз келеді. Бірақ бұл шешім тек бізге байланысты емес. Әзербайжан тарапы қазақстандық мұнай сапасының өз қоспасына ықпал етуіне қатысты алаңдаушылық білдіріп отыр», – деді министр.
Сонымен бірге Ақкенженов Әзербайжан тарапы тасымал көлемін 100 мың тоннаға арттыруға келіскенін атап өтті. Министр мұны Қазақстан үшін оң қадам деп бағалады.
2026 жылы Қазақстан БТЖ бағыты арқылы шамамен 1,6 миллион тонна мұнай экспорттауды көздеп отыр. Бастапқы жоспар 1,5 миллион тонна болған.
Қазақстан мұнайы Ақтау портынан танкерлермен Әзербайжанның Баку қаласына жеткізіліп, одан әрі Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы Түркияның Жерорта теңізі жағалауындағы Жейхан портына тасымалданады.
Бұл бағыт Қазақстан үшін мұнай экспортын әртараптандырудың маңызды жолдарының бірі саналады. Әсіресе негізгі экспорттық бағыттардың бірі саналатын Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалдауда шектеулер туындаған жағдайда балама бағыттардың маңызы арта түседі.
#Қазақстан #МұнайЭкспорты #Әзербайжан #Энергетика #Ақтау #БакуТбилисиЖейхан #Munarmedia