Қазақстан ескі стратегияға қайта оралды — саясаттанушы Данияр Әшімбаев пікір білдірді

56



Munarmedia.kz 29.09.2025 /Астана/ Саясаттанушы Данияр Әшімбаев мемлекеттік жоспарлау жүйесіне енгізілген өзгерістерге назар аударды. Оның айтуынша, бұл елеулі өзгерістер қоғам назарынан тыс қалып отыр. Exclusive.kz порталы жариялаған сараптамада саясаттанушы елдің стратегиялық бағыттарының тұрақсыздығына алаңдаушылық білдірген.

«Мемлекеттік жоспарлау жүйесін тағы да өзгертті. Алғашқы нұсқасы бойынша (2009 жылы) басты құжат — “Қазақстан-2050” стратегиясы болған. Бірақ 2024 жылдың сәуірінде оның орнына “Қазақстан-2050 көкжиегі” атты құжат енгізілді. Ол 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі тиіс еді. Алайда, 2025 жылдың 15 тамызында жаңа нұсқасы бекітіліп, онда: “Мақсат қою құжаттарына ‘Қазақстан-2050’ стратегиясы мен 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы жатады” деп көрсетілген», — деп жазады Әшімбаев.

«Көкжиек» келмей жатып ұмыт қалды

Осылайша, «Көкжиек» жобасы негізгі стратегиялық құжаттар қатарынан алынып тасталды, ал ел бұрынғы ұзақмерзімді стратегияға — «Қазақстан-2050» құжатына қайта оралды.

Саясаттанушының айтуынша, 2023 жылы АСПИР (Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі) «Қазақстан — жаңа тепе-теңдік дәуірінде» деген атаумен «Көкжиек-2050» концепциясын дайындап жатқанын хабарлаған. Алайда, бұл жоба қоғам назарына ешқашан ресми түрде ұсынылған жоқ.

«Бұл құжат ешкімнің қызығушылығын тудырған жоқ, ал оны халыққа көрсетуге де тәуекел етпеді — әсіресе 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына қатысты сын пікірлер үдей түскен тұста», — деп атап өтеді Әшімбаев.

Стратегия үнсіз бекітілді: ақпарат ашықтығы қайда?

Сарапшы бұл өзгерістердің ешқандай жариялылықсыз, үнсіз қабылданғанына ерекше тоқталады.

«Құжат соншалықты үнсіз “өтіп” кетті, тіпті Ақорда оны ресми сайтында жарияламады. Ал Үкімет болса 2025 жылдың маусымында ғана Ұлттық даму жоспарының мақсаттарына жету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын бекітті», — дейді саясаттанушы.

Аталған бағдарламада 2026 жылға арналған жаңа Салық кодексіне түзетулер енгізу де қарастырылған, алайда ол әлі күшіне енбеген. Бұл да ұзақмерзімді жоспарлаудағы асығыстық пен сәйкессіздікті айғақтайды.

Стратегиялық бағыттар — саяси жағдайға тәуелді

Әшімбаевтың айтуынша, бұл қадамдар мемлекеттің стратегиялық жоспарлау жүйесінде бірізділік пен тұрақтылықтың жоқ екенін көрсетеді. Стратегиялық бағыттар мен бағдарлар саяси ахуалға қарай өзгеріп отырады, ал бұл ел дамуы үшін үлкен тәуекел.

«Стратегиялық құжаттардың маңыздылығы айтылғанмен, олардың өзі жиі ауысып, мазмұны нақты болмай жатса — қоғамда сенім де болмайды. Ал сенімсіз ортада ұзақмерзімді реформалар жүзеге аспайды», — деп түйіндейді сарапшы.


Munarmedia.kz бұған дейін де Ұлттық жоспарлар, реформалар және мемлекеттік саясаттағы сабақтастық тапшылығы туралы материалдар жариялаған. Жаңа стратегиялық құжаттар туралы толық талдау — алдағы шолуларымызда.

• Фото: Facebook