Қазақстанда 16,1 мың адам ғана қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға келісім берген
Munarmedia.kz 23.07.2026. ASTANA – Қазақстанда қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға 16,1 мың азамат келісім берген. Ал 156,1 мың адам eGov порталы арқылы постмортем донорлықтан ресми түрде бас тартқан.
Салалық деректерге сәйкес, соңғы жылдары қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуы мүмкін адамдардың саны біртіндеп артып келеді. Атап айтқанда, 2024 жылы – 86, 2025 жылы – 186 әлеуетті постмортем донор анықталған.
Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында әлеуетті донорлар саны 108 адамға жеткен.
Сонымен қатар 2026 жылғы 21 мамырдағы жағдай бойынша елімізде 4 739 пациент ағза трансплантациясын күту тізімінде тұр.
Олардың ішінде:
4 208 адамға – бүйрек трансплантациясы;
293 адамға – бауыр;
208 адамға – жүрек;
30 адамға – өкпе;
5 адамға – жүрек пен өкпе кешенін трансплантациялау қажет.
Мамандардың айтуынша, ағза донорлығы көптеген науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Дегенмен, Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген азаматтардың саны әлі де төмен деңгейде қалып отыр.
#Munarmedia #ASTANA #Қазақстан #Донорлық #АғзаТрансплантациясы #ДенсаулықСақтау #eGov #Медицина #Трансплантология