Munarmedia.kz
26.07.2026. ASTANA
Трамп Еуроодаққа жоғары баж салығын енгізетінін мәлімдеді
АҚШ президенті Дональд Трамп Еуропалық комиссияның Google компаниясына 1 млрд доллар көлемінде айыппұл салу туралы шешімінен кейін Еуропалық одаққа қатысты елеулі кедендік баж салығын енгізетінін мәлімдеді.
Бұл туралы ол өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Трамптың айтуынша, Еуроодақтың америкалық технологиялық алпауыттарға салатын айыппұлдары «әділетсіз әрі кемсітушілік сипатқа ие». Оның пікірінше, бұл тәжірибе АҚШ компаниялары мен салық төлеушілеріне қарсы бағытталған.
«Еуропалық одақ тағы да бұрынғы әдетіне басты және тағы да АҚШ-тың ұлы компанияларын нысанаға алды. Бұған дейін Apple-ға – 15 млрд доллар, Meta-ға – 3 млрд доллар, Amazon-ға – 2,5 млрд доллар көлемінде айыппұл салынды. Енді ешқандай негізсіз Google компаниясына тағы 1 млрд доллар айыппұл салынғаны белгілі болды. Осылайша Google-ға салынған айыппұлдардың жалпы көлемі 18 млрд доллардан асты», – деп жазды АҚШ президенті.
Ол сондай-ақ әкімшілігі Еуроодақтың америкалық компанияларға қатысты әрекеттеріне байланысты АҚШ-тың Сауда туралы заңының 301-бабы аясында ресми тергеу бастайтынын мәлімдеді. Трамптың сөзінше, егер жағдай өзгермесе, Еуропалық одаққа қатысты айтарлықтай импорттық баж салығы енгізіледі.
Сонымен қатар, Трамп бұл айыппұлдардың толық күшін жоюды талап ететінін жеткізді.
Осы мәлімдемеден кейін АҚШ қор нарығында технологиялық сектор акцияларының өсімі баяулады. Сауда қорытындысы бойынша Dow Jones индексі 0,5 пайызға, S&P 500 индексі 0,36 пайызға көтерілсе, Nasdaq индексі 0,11 пайызға төмендеді.
Еске салайық, бұған дейін Еуропалық комиссия Google компаниясына іздеу жүйесінде өз сервистеріне басымдық беріп, бәсекелес платформалардың қызметін шектеді деген негізбен 1 млрд доллар көлемінде айыппұл салған болатын.