Munarmedia.kz.29.05.2026.ASTANA-Қазақстанда қарызы бар азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа өзгерістер ұсынылды. Енді алимент алушылар үшін арнайы банктік есепшоттар ашу жоспарланып отыр. Мұндай шоттарға тыйым салу немесе қарыз есебінде бұғат қою мүмкін болмайды.
Жаңа бастама алиментке күн көріп отырған азаматтардың әлеуметтік жағдайын қорғауға бағытталған. Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгеріс әсіресе балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған отбасылар үшін маңызды қолдау болмақ.
Сонымен қатар, айыппұлдар мен салық берешектерін жеңілдетілген тәртіппен өндіріп алу шегі ұлғайтылмақ. Қазіргі 20 айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) орнына бұл меже 40 АЕК-ке дейін көтеру ұсынылып отыр.
Бұдан бөлек, борышкерлерді тұрғын үйден шығару мәселесіне қатысты талаптар да күшейтіледі. Жаңа нормаға сәйкес, азаматтарға үйден шығару туралы кемінде 10 күн бұрын міндетті түрде ескерту жасалуы тиіс.
Мамандардың пікірінше, бұл өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, атқарушылық өндіріс жүйесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, соңғы жылдары Қазақстанда әлеуметтік осал топтарды қорғауға бағытталған заңнамалық бастамалар көбейіп келеді.
#Алимент #Қазақстан #Есепшот #Қарыз #Заң #ӘлеуметтікҚорғау #АЕК #Munarmedia