Жамбыл облысында СОБР инспекторы қаза тапты

59

Munarmedia.kz.29.05.2026.ASTANA- 28 мамыр күні таңертең Жамбыл облысындағы Қордай аудандық полиция бөлімінде арнайы жедел әрекет ету жасағының (СОБР) инспекторы қаза тапты.

Алдын ала мәліметтер бойынша, 1995 жылы туған полиция лейтенанты қызметтік қарудан өзіне оқ атқан. Қару ретінде SIG Sauer маркалы тапанша қолданылғаны айтылуда.

Оқиғадан кейін полиция қызметкері шұғыл түрде аудандық орталық ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, ол кешкі уақытта жансақтау бөлімінде есін жимастан көз жұмды.

Қазіргі уақытта қайғылы жағдайдың нақты себептері белгісіз. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы — «Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу немесе оған ықпал ету» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сонымен қатар, қызметтік тексеріс тағайындалды.

Жамбыл облысы Полиция департаменті өкілдерінің мәліметінше, оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жарияланбайды.

#ЖамбылОблысы #Қордай #Полиция #СОБР #ҚайғылыЖағдай #Тергеу #Қазақстан #Munarmedia