Қазақстанда референдум өткізуге шамамен 20,8 млрд теңге жұмсалады

22

Munarmedia.kz 24.02.2026 /Astana/ Қазақстанда алдағы референдумды ұйымдастыруға және өткізуге шамамен 20,8 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мәлімдеді. Ақпаратты әріптестеріміз Sputnik Қазақстан таратты.

Ведомство дерегінше, аталған қаражаттың 20,6 млрд теңгесі Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы қажеттіліктеріне бағытталады. Бұл сома референдумды тікелей ұйымдастыру, учаскелердің жұмысын қамтамасыз ету және техникалық шығындарды жабуға жұмсалмақ.


Image

Жалпы қаржының шамамен 75 пайызы ел бойынша жұмыс істейтін 70 мыңнан астам комиссия мүшесінің еңбекақысын төлеуге қарастырылған. Қалған бөлігі ұйымдастыру шараларына, материалдық-техникалық қамтамасыз етуге және өзге де әкімшілік шығындарға бөлінеді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне 123,3 млн теңге бөлінеді. Бұл қаражат шетелдегі сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін қызметкерлердің іссапар шығындарын жабуға арналған. Референдум кезінде дауыс беру 62 елдегі учаскелерде ұйымдастырылады.

Image

Сарапшылардың пікірінше, референдум өткізу – ауқымды ұйымдастырушылық және қаржылық ресурстарды талап ететін процесс. Әсіресе ел аумағының кеңдігі мен шетелдегі азаматтардың дауыс беруін қамтамасыз ету қосымша шығындарды қажет етеді.

Ресми органдар референдум ашық әрі заң талаптарына сай өтетінін мәлімдеді.